- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Ұлы жеңіс -...
Ұлы жеңіс - ұрпаққа ұлағат
Ұлы жеңіс! Арман болып аласұрып жеткен «шыншыл» жеңіс! Мен үшін бейне бір жанды сурет секілді. Сол бір сұрапыл соғыста менің көзім жоқ. Алайда, сеземін, қаншалықты қияметтің қисыны мен қиясы өткені көкірегімде нан піскендей, қуаныш пен өкініштің лебі бетіме қайта-қайта өбеді. Өйткені, менің ұлы «Мен көрмесем де, ұрпағым көрсін» деген ұранмен қанды қисапта, жеңін түре, тізесін бүге шайқасқан аталарым бар, аталарымның қаны бар. Бір өкініші – сол сұрапылда қаза тапса, қуанышы – жеңістің туының желбіреуіне, ұрпағының «тәуелсіз» өмір сүруіне үлесі тиді, ардагер атанды.
Жексенбі. Әдеттегідей, бір жұма бойғы таңертеңгі қиылған ұйқының қайтарымы өтелуде. Кенет, анамның «әлі жатырсың ба, тұрмайсың ба?» деген «зар жақ» сөзінен кейін, ұйқы деген дұшпанмен қоштасуға тура келді. Бұған құлағымның тұсынан «тентектіктен» алдына жан салмайтын інімнің «апатай маубас» деген сөзі де себепші болған-ды. Күнделікті таңертеңгі тірліктен соң бүгінге жоспарлаған жұмысымды еске түсірдім. Ол, әрине, Ұлы жеңістің 70 жылдығына байланысты шығарма жазу болатын. Әрі ойландым, бері ойландым. Ауылымыздан Отан қорғауға аттанған жанкешті жандар көп болғанымен, өкінішке қарай, одан оралғандар саусақпен санарлық болған деседі. Бұрын Ұлы Жеңістің әр жылдығы үлкен қуанышпен тойланып, барша кеңес халықтары оны асыға күтетін. Ауылдың соғыс ардагерлері бұл күні зор қошеметке бөленіп, мектеп оқушыларының сансыз сауалдарының астында қалатын деп еске алатын, әкем. Бүгінде сол ардагерлер кішкене ауыл түгілі ауданымызда қалмағаны қандай өкініш екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан кітап парақтауға тура келді. Бұл соғыс туралы мәліметтерге көз сала отырып небір сұмдық оқиғалардың орын алғанының куәсі болдым. Сұм соғыс қаншама шаңырақты ұрпақсыз, қаншама ананы баласыз, қаншама баланы әкесіз қалдырды десеңші!Қаншама тағдыр қыршыннан қиылды екен дегенді ойлағанда төбе шашым тік тұрады. Соғыс парағын ақтара келе тұтқиылдан басталған соғыс кезінде ең көп қыршыннан қиылған боздақтардың қаза табу себебінің бірі – ештеңенің байыбына барып үлгермеген 18 жастағы бозбаланы қан сасыған жойқын ұрысқа бірден әкеліп салып жіберсе, енді бірі - соғыстың алғашқы кезеңінде соғыс қаруының ең қарабайыр түрі мылтықтың өзі жетіспендігінін (үш-төрт адамға бір мылтық) көруге тура келді. Сол кезде мыңдаған ауыл балаларының «орысша» тіл білмеуі кесірінен қаза тапқан кездері де болғанын тілге тиек етуге болады. Яғни, бұйрықтардың бәрі орысша берілсе, «әліпті таяқ деп білмейтін» бозбаланың еріксіз тозақтың отына өзі барып топ етуі де заңды емес деп кім айтар... Мінекей осы жайлардың өзі қаншама жастың отын өшірді екен?..
Ендігі осы сұм соғыстың басталуындағы ақтаңдақтардың өзі сансыз көп деп кім ойлаған...
Біздің білетініміз 1941 жылы 22 маусымда тұтқиылдан жау бас салды деп келсек, сөйтсе, біздің жанкешті тыңшыларымыз оның қай кезде басталатынын «нүкте, үтіріне» дейін анықтап жеткізіпті. Өкінішке қарай, сол кездегі басшылық өзін білемге салып мән бермегенге ұқсайды. Бұл күнде тарихтан мәлім: «жеке басқа табыну» салдарынан соғыс алдында ғана қаншама әскери дарынды да тәжірибелі қолбасшылар атылғанын, небір сайыпқыран сарбаздардың геноцид құрбандары болғанының куәсі болдық. Немесе, сол кездегі неміс басқыншы армиясы, техникасы, қару-жарағының санынан мен сол кездегі кеңес армиясының әлеуеті (саны жағынан) әлдеқайда көп болғандығын байқасақ, өкінішке қарай, сапа жағынан мардымсыз болғандығына қынжылып бас шайқауға тура келеді. Соғыстың басында еш әзірліксіз тұрғандықтан, орнынан қозғалмай-ақ бомбаның астында қалып жойылған сансыз әскери техникалар еріксіз, әтеген-ай дегізері сөзсіз. Егерде осы мен байқаған «кішігірім» қынжылыстар болмағанда ғой, қанды қасап әлдеқайда аз болар ма еді деген өкініш өзегімді өртейді. Өйткені соғыс парағын әр ақтарған сайын жан түршігерлік жаңа оқиғаларға куә болып, жан ауыртуым кәдік. Сұрапыл соғыстың ақтаңдақтары 70 жыл бойы айтылса да таусылар емес, әлі де қаншаға созылатынын кім білсін... «Енді мұндай соғыс болмасын, болашағымыз баянды болсын!» - дей келе ойымды аяқтаймын. Әйтпесе, кітап кеміремін деп отырып, жексенбінің де жартысын жалмап қойыппын. Жалмауыма да себеп – Ұлы жеңіс! Ұлы жеңістің аппақ таңы!
Сагиева Аяжан Нұржанқызы
БҚО, Қаратөбе ауданы, Қоскөл елдімекені
10 сынып оқушысы