Соңғы демі шыққанша Отанын сүйген "халық жауының ұлы"

Соңғы демі шыққанша Отанын сүйген "халық жауының ұлы"
Фото: photochronograph.ru

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітаптан үзінді:

Қартамысов Ахметқали, лейтенант, 1942-1946 жылдар аралығында Қызыл әскер құрамында қызмет еткен, Отан соғысының I және II дәрежелі ордендерімен, екі рет "Қызыл Жұлдыз" орденімен, "Берлинді алғаны үшін", "Кенигсбергті алғаны үшін", медальдарымен, "Германияны жеңгені үшін" медалімен парапатталған. Шығыс Пруссия мен Еуропа қалаларын азат етуге қатысып, осы үшін марапатталған. 

1924 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар қаласында туған. Әкесі қуғын-сүргінге ұшырап, Ақтөбе қаласының №5 түрмесіне жабылған, содан кейін ол анасымен бірге қалаға көшіп келіп, баспана болмағандықтан, жетімдер үйінде тәрбиеленген. 14 жасынан бастап жұмыс істеген, бірақ "халық жауының ұлы" таңбасы өз таңдауымен оқуына, жұмыс істеуіне жол бермеген. 

Ұлы Отан соғысы басталған соң, басқа құрдастары сияқты өзіне бір жас қосып, бұл да ерікті ретінде әскери коммиссариатқа майданға жіберу туралы өтініш түсіреді. 1942 жылы Ақтөбе қаласынан шақыртылып, Подмосковьеге аттанып, сол жақтан ерекше бөлімде Брянск майданында дайындықтан өтеді. 1942 жылдан 1946 жылға дейін жедел уәкіл ретінде қызмет етіп, басында сержант, кейін Белоруссия майданы 5-ші Орлов атқыштар дивизиясының лейтенанты шенінде жұмыс істейді. Лейтенант Қартамысов Ахметқали қарсы барлау – ГУК СМЕРШ-ке (Қарсы барлау мемлекеттік басқармасы Тыңшыларға өлім) жіберіледі. Оның таңдауы жоқ еді, өйткені абақтыға қамалып, түрмеде атылып кеткен "халық жауының ұлы" болды. 

Әкем Берлинге дейін жетіп, Жеңістен кейін де 1946 жылға дейін қызмет еткен. Бірнеше рет ауыр жарақаттанып, зақым алған. Үйге лейтенант, коммунист болып оралды. Осылайша өзіне таңылған "таңбасын" жуып, мемлекеттік қызметте өмірінің соңғы күніне дейін адал еңбек етіп, лайықты алты бала тәрбиеледі. Өмірден өткен соң да Жеңіс күні сайын Ресейден, жас із кесушілерден келетін ашық хат легі көпке дейін толастамады, "Қымбатты Ахметқали атамызға...", - деп жазды олар... 

Өкінішке орай, әкем соғыс туралы көп айтпайтын, соғыс жайлы фильм көргенде көзіне жас үйіріліп, "Ұлы Отан соғысы" төрт томдығын парақтағанда бәрін куәгер әрі осы оқиғаның қатысушысы ретінде қайтадан жүрегінен өткізетін. Курск шайқасы туралы айтқаны есімде қалыпты. Кейін СМЕРШ тобы жайлы материалдарды зерттеп отырып, қарсы барлаушының рөлі бұл шайқаста аса маңызды болғанын оқыдым, фашистердің мекені мен шабуылдайтын уақыты анықталып, қарсы шабуыл алдын ала дайындалған қорғанысқа қолданылған. 

Әкемнің қызметі жайлы үнсіздігі түсінікті де еді, әскери құпияны ешкімге айтпау міндеттелді, ГУК СМЕРШ-ке деген қарым-қатынасы да көбіне бұрмаланды. Негізі бұл ұйымның бөлімшесінің міндеті Абвер диверсионды-барлаушы неміс барлауына, т.б. барлау қызметіне қарсы тұру, жазалаушы қызметі болмаған. Қатарларындағы жүздеген әскер мен офицерлер алдыңғы шепте өліп кетті, бірақ, бірде-бір сатқындық оқиғасы жасалмаған. ГУК СМЕРШ-тің 70 жылдығында кейбір материалдар мен құжаттар ашылып, ардагерлердің естеліктері жарияланды, қайта оралған, қаза тапқан қаһармандардың есімдері аталды. Ұйым 1946 жылы өз жұмысын тоқтатты. Соғыстан кейін СМЕРШ атқарды деген әрекеттер НКВД-ға қатысты. 

Лейтенант Қартамысов Ахметқалидің балалары мен немерелері үшін басты баға – бұл ұйымда біздің Әкеміздің, шыншылдық пен өз Кеңестік Отанына адалдық эталонының қызмет еткені. Басқа Отанды білмеді. 9 мамырда әкемізге майданда берілген ордендер мен медальдарды, сарғайған құжаттар мен суреттерді шығарып отырып, оның өміріндегі ең маңызды парақтар туралы аз білетініміз үшін өкінеміз. 

Өзінің жастық шағын, денсаулығын, өмірін осы бір мағынасыз соғыс жолында біздер үшін, ұрпақтары үшін құрбан еткендердің жарқын бейнелері мәңгіге есте сақталады. 

Бас иіп, ұрпақ атынан шексіз алғыс айтамыз!

Эссе авторы: қызы Оспанова (Қартамысова) Бақыт Ахметқалиқызы

Р. Роза