- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Соғыстан кейін де...
Соғыстан кейін де Отанға адал қызмет еткен Шыныбек Көшербайұлы
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітаптан үзінді:
Жақсылықов Шыныбек Көшербайұлы
Жақсылықов Шыныбек Көшербайұлы (майданда Бек деп атаған) 1917 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы (қазіргі Талғар), Белбұлақ ауылында туған.
1936 жылы Калинин атындағы (қазіргі Тұздыбастау) колхозға мүше болды.
1938 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылды. 1941 жылдың маусымында әскерден қайтарылуы керек болған, бірақ, Ұлы Отан соғысы басталып кетіп, соғысты Брест қаласында қарсы алды. Аяусыз қантөгістен кейін ауыр жараланып, зақым алған. Ұзақ әрі қажырлы түрде емделіп, 1942 жылы Қызыл әскер қатарында қайтадан сап түзеп, Отан үшін фашистермен соғысуды жалғастырады. Берлинде соғысты аяқтаған, бірақ, бөлім қолбасшысының бұйрығымен оны қаланың комендатурасында дұшпандардың арандатушылығынан қорғап, бәрін ретке келтіруге көмектесу үшін қалдырған.
1946 жылдың ақпанында әскерден қайтарылған. Үйде оны мамандығы педагог, Мұхтар Әуезовтің шәкірті, қалыңдығы Омарова Нұрилә күтіп отырған. Екеуі бірігіп туған колхозын қалпына келтіріп, өркендету жұмыстарына белсене қатысады. Білім керек болған соң, ол колхоздың жіберуімен селхозтехникумда "агрономия" мамандығы бойынша оқуын бастайды, кейін оқуды зооветеринар институтында жалғастырып, оны да сәтті тәмамдайды. Бригадирден бастап басшылық қызметке дейін қай бөлімде жұмыс істесе де, соғыста алған жарақаты мазалағанына қарамастан, өзіне қанша ауыр соқса да, адамдарды төзімді, еңбекқор болуға үйретіп, оларға өзінің энергиясымен күш беріп отырған.
МТФ меңгерушісі болып жұмыс істеген кезінде және соңғы жылдары зоотехник-генетик қызметін атқарғанда асыл тұқымды мал өсіру ісіне ерен еңбек сіңірді.
Өзінің білімі мен тәжірибесін жас мамандарға қуана-қуана үйретіп, көптеген ізбасар шәкіртін артынан ерткен, олар оны зор алғыспен жиі-жиі еске алады.
Омарова Нұрилә екеуінің некесінен үш бала дүниеге келген: ұлы Қанат және қыздары Бибінұр мен Роза, олардан 7 немере мен 8 шөбере тараған. Барлық баласы мен немересі жоғары білім алып, экономика мен ауыл шаруашылығының түрлі саласында еңбек етуде.
Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін алты үкімет марапатын алған, оның ішінде Жуков ордені бар, сондай-ақ, бұйрық бойынша Жоғары Қолбасшы Сталин 10 рет, бөлім қолбасшысы 12 рет алғыс жариялаған.
Өнегелі өмірі Отанға деген шексіз махаббаты мен оған қызмет ету жолында өрілді.
2003 жылдың 16 желтоқсанында өмірден озды.
М. Оңғарова