Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітап аудармасынан үзінді:
Мен 1923 жылы сәуірде Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында дүниеге келдім. 1940 жылы 10-сыныпты бітірген соң Қазақстан Кеңес Халық шаруашылығының жолдамасымен он қазақ болып Шығыс-Сібір тау-кен металлургиялық институтына аттандық. Біз түсті металлургия инженері болуымыз керек еді.
1941 жылы бірінші курсты аяқтаған соң, бізді танысу тәжірибесіне жіберді. 1941 жылы маусымда тәжірибеден оралдық, үйге қайту үшін Иркутскке келдік. 25 маусымға билетіміз алулы тұр, 22 маусымда соғыс басталып, бізді бірден әскерге алып кетті. Мен ол кезде 18 жаста едім. Мені сержант мектебіне жіберді. Аяқтаған соң кіші сержант атағын беріп, 88-ші атқыштар дивизиясына бірінші нөмірлі «максим» пулеметімен жіберді. 1942 жылы біздің дивизия Сталинград түбіндегі Читинск облысына бағытталды. Эшелонымыз Энгельс қаласына дейін жетті. Ол соғысқа дейін Поволжья Неміс Республикасының астанасы болды. Сол жерде мықты бомбалау басталды. Ары қарай Волга жағалауымен Сталинградқа дейін жаяу бардық. 1942 жылы қыркүйекте Мамаев қорғанына қарама-қарсы Волга өзенінің сол жақ жағалауын басып алдық. Ал оң жағында қырғын ұрыс болып жатыр. Немістер жағалаудың арғы жағынан бізге оқ жаудырады, біз де оларға оқ боратамыз. Мен 1942 жылы 6 қарашада басыма оқ тиіп, жарақат алдым. Менің бағым бар екен, оқ жанап өтті, сәл бір сантиметр төмен тигенінде, тірі қалмас едім.
Свердловскте 69-шы әскери госпитальде емделдім. 1943 жылы наурызда госпиталь бастығы шақырып алып, «Ерлігі үшін» медалімен марапттап, аурудан айыққанымды айтты. Мені госпитальден аралық орынға жіберді. Ол жерде бір күні бізді сапқа тұрғызды да, офицер: «Кімнің жоғары білімі бар?» - деп сұрады. Мен: «Бірінші курс бітірдім», - деп жауап бердім. «Училищеге түскің келе ме?» - деп сұрады. Келісе кеттім.
Бізді Улан-Удэге алып барып, он ай оқытты. Онда Морзе әліппесін, дивизиялық радиостанция және басқаларын үйрендік. Мен үш ай ішінде 25 топты қабылдай алатын 1-ші класты радиошы болдым. Оқу аяқталған соң маған әскери байланыс лейтенанты шенін беріп, 2-ші Белорус майданына аттандырды. Баранович қаласын азат етуге қатыстым. 1944 жылдың соңына қарай Украин майданына жіберді. 5-6 қаңтарда 10 шақты адам капитан болдық, бізді Мәскеуге шақырды. Ол жақтан Моңғолияға аттандық. Мен ол кезде Батыс майданы аяқталғанын кейін білдім. Ал біз кеңестіктерге Жапонияға қарсы күресеміз деп уәде беріп қойдық, сондықтан бізді Моңғолияға жіберді. Мен 875-ші Байкал майданының Қызылжұлдызды радиодивизиясының командирі болдым. Менің қарамағымда 6 взвод болды, әр взводта 25 адам, барлығы да бірінші дәрежелі радиошы болды. Соғыс басталғанда бір орыс әйелі келіп, менен: «Моңғол кавалерия дивизиясының командирімен қалай сөйлесемін?» - деп сұрады. «Сөйлесуге болмайды», - деймін мен. Ол қояр емес. СМЕРШ-тің бастығы Назаренконы шақырдым да, жағдайды түсіндірдім. Әйелмен сөйлесіп, маған байланыс орнатуды бұйырды. Мен алдымен атпен жабдықталған топты шақырдым, әйел дивизиямен моңғол тілінде сөйлесті де, жүруге жиналды. Содан соң менің ұлтымды сұрады. «Қазақпын», - дедім. Тегімді сұрап, жазып алды да, бір нәрсе айтып, моңғол офицеріне беріп жіберді. Ол мені марапаттау жөнінде айтқанын кейін білдім.
Соғыстың ақырын 2 қыркүйек күні Порт-Артуртте өткіздім.
– Сіз қазақ мектебінде оқыдыңыз ба, әлде орыс мектебінде ме?
– Қазақ мектебінде оқыдым. Иркутскке келгенде орысша жақсы білмейтін едім. Бірақ орта білім алуда орыс тілін тез үйреніп кеттік.
– Сержант мектебінде сіздерге не үйретті?
– Сапқа тұрып, қаруды қолдануды үйрендік. Мен пулеметшілер станогі взводына түскеніме қатты қуандым. Біз «Чапаев» киносын көрдік қой. Сондықтан маған станоктық пулемет өте қызықты болды. Сол себепті пулеметті өте жақсы игердім. Қыста жылыну үшін пулеметке глицерин спиртін құятынбыз, ал жазда су құямыз. Мынадай қызық жайт болды, бірде қыс кезінде спирт орнына су құйып қойдым. 1-2 сағаттан кейін пулемет істемей қалды, су қатып қалған екен. Солдаттар әжуалап күліп жатыр.
Жалғасы...