Соғыс ардагері Жұбатыров Байғалидің ерекше естеліктері #2

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Басы

– Жабық күйден атуды үйрендіңіздер ме?

– Иә, 800 метр және одан да қашықтан атып үйрендік. Бірақ жауды жеңу үшін ең дұрыс арақашықтық 400-500 метр болды. Маған «Сіздердің  атқан оқтарыңыздан құлаған немісті көзіңізбен көре алдыңыз ба?» деген сұрақты жиі қояды. 500 метр алыстағыны қалай көресің?! Біз «Осы жерден анау маңайға» деген командирдің бұйрығы бойынша, көлденең бағыттан көздеп, пулеметті оңға-солға не жоғары-төмен бағыттап аттық.

– «Максим» – сенімді пулемет пе?

– Иә.

– Матадан жасалған бау (лента) қиын емес пе?

– Бұл оқталғанына байланысты. Егер баумен біркелкі толтырсаң, онда ешқандай мәселе тумайды. Ал асығыс бір оқты ілгері, бір оқты кейін салып қойсаң, қисайып, қиын болады. Сондықтан ленталарды ұрыс кезінде әкелсе, келесі адамның тексеруін тапсырамын, ал тыныш кезде өзім мұқият тексеремін.

– Ленталарды тығыздап толтыруға арналған машиналар болды ма?

– Алғашында машиналар болған жоқ. Барлығы қолмен толтырды, ол кейін пайда болды.

– Майданда ең қорқыныштысы не болды?

– Майданға келген кезде бүгін-ертең өлтіріп кете ме деп қатты қорқасың, жарты айдан соң үйреніп кетесің.

– Әскери байланыс қызметінде сіздің міндетіңіз қандай болды?

– Корпус штабы мен дивизия штабының арасына байланыс орнатуды қадағаладық.

– Формаңыз қандай болды?

– Сержанттық мектепте 25 метрлік орама мата,жұмыс аяқ киімі, галифе шалбар, белбеу, шинель берді.

– Орыс тілін жақсы білмеуіңізден қиындық көрген кезіңіз болды ма?

– Жоқ. Біз жолдастарымыздан бір елі қалмай, күндіз-түні оқу оқып, командирдің айтқанын екі етпейтін едік.

– Славяндар сіздермен қалай араласты?

– Жақсы. Олардың көпшілігі және біздің командиріміз 4-5 кластық білімді болды, бізге де үйретті.

– Қалай тамақтандырды?

– Жаман емес, аш болған жоқпыз. Бірақ қарапайым солдаттарға қарағанда бізді, курсанттарды, жақсы тамақтандырғанын айтты. Бірде мынадай қызық болды, бір жігіт ыдысын жоғалтып алды да, тамақты каскасына құйып ішті.

– 100 грамм берді ме?

– Мен майданда ішіп-шеккен жоқпын. 1945 жылы 9 мамырда ішуді бастадым. Біз ол кезде 13-ші байланыс полкінде болдық. Сол күні бәрімізді полковник Соколов шақырып алды. Жеңіс үшін ішейік деп құйды. Ал мен ішкен жоқпын. Соколов маған келді де: «Жерлес, сен ішпеймісің? Біз тірі, аман қалдық қой, жерлес, қане!» - деді. Мен бірден: «Сіз қай жерденсіз?» - деп сұрадым. Ол да Қазақстаннан болып шықты. Стақан болмады, маған жылтыр саптыаяқты толтыра құйып берді. Мен 3-4 ұрттадым, көзімнен жас шығып кетті. Бәрі күліп жатыр. Мен сонда 200 грамм іштім. Бұл менің алғаш ішуім еді. Ал келесі күні офицерлерге «Наша марка» темекісінен 100 штук берді. Мен бұрын темекі тартатындарға таратып беруші едім, бұл жолы өзім тартқым келді.

– Майданда бит болды ма?

– Менде болған жоқ. Басқа солдаттар болғанын айтқан.

– Соғыста қыздармен байланыс жасадыңыз ба?

– Алғашында болған, одан кейін олармен бірге қызмет ету бұйырмады. Негізі соғыс қыздар үшін өте ауыр.