Ұлы Отан соғысының 70 жылдық Жеңісіне арналған «Ер ерлігі – ел есінде» атты балалар шығармашылығының республикалық байқауына ұсынылған шығарма.
Соғыс. Бұл сөзді естігенде көптеген адам үнсіз мұңайып қалады. Талай адамды ата-анасынан, бауырынан, сүйген жарынан айырды. Қаншама үйлер қирап, жерлер бүлінді. Осынау біз өмір сүріп жүрген жаһанда өте көп соғыс болды. Соғысты дүние жүзіндегі көптеген халық басынан өткерді. Сол халықтардың ішінде біздің қазақ халқы да болды.
Қазақ халқы үшін ең бір ауыртпашылығы көп соғыс – Ұлы Отан соғысы еді. Қазақстаннан Ұлы Отан соғысына қаншама адам майданға аттанып, кейбіреулері мүлдем үйіне оралмады. Осы Ұлы Отан соғысы біздің әулетімізді де айналып өтпеді. Арғы атам Кәрімбайдан тараған 5 ұлдан өсіп-өрбіген шаңырақтан 4 адам соғысқа аттанды. Атам Кәрімбайдың үш ұлы Кенже, Алтай, Айтбай және үлкен баласы Сейітжанның ұлы Смайл аталарымыз соғысқа аттанды. Олардың әрқайсысы әр жерде соғысып жүрсе де, жүректері әрқашан «Отан» деп соқты.
Алтай атамыз 1942 жылы Алматы облысындағы Шелек ауданының НКВД бөлімшесінің бастығы болып тұрған кезде майданға аттанып, хабарсыз кетті.
Айтбай атамыз 1943 жылы әскер қатарына алынған. Польшаны, Чехияны, Румынияны азат етуге қатысқан. Кенигсберг қаласы түбіндегі шайқаста бастан-аяқ болған. Бірнеше медаль мен ордендердің иегері.
Кенже атам 1941 жылы соғысқа кетіп, 41 АД, 126 АП, 2 АБ құрамында атқыш ретінде соғысқа қатысқан, ұрыс даласында жауға еріксіз тұтқын болып, одан қашып шығып, запастағы 147 АП құрамына қайта қабылданған. Сөйтіп жауға қарсы тағы да соғысқан. Украинаны, Польшаны, Венгрияны азат етуге қатысып, бірнеше ерлік көрсеткен. Сол ерліктері үшін «За отвагу», «3-дәрежелі Даңқ » ордендерін алған.
Смайл көкеміз он сегіз жасқа толғанда тиісті орта білімін алмай, фашистік Германия кезінде әскер қатарына шақыртылып, қанды қырғын шайқастарға қатысқан. Әскери барлау комиссиясының құрамында офицер болып жүріп, жау тылынан мол мағлұматтар алып келген. Германияның астанасы Берлинге дейін жеткен. «1-дәрежелі Отан соғысы» «Қызыл Жұлдыз» ордендерінің, «За победу над Германий Великой Отечественной войне» медалінің иегері.
Соғыс кезіндегі аталарымыздың осы алған ордендері мен медальдары оңай келмеді. Олар оқ пен оттың арасында жүріп, өз Отаны мен жерін қорғады. Осындай ерліктері үшін мен жас ұрпақ ретінде олардың алдында мәңгіге бас иемін!
Кенже Қалдарбек Әуезұлы
Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылы
№162 орта мектептің 10-сынып оқушысы
Сурет: strategy2050.kz