«Егер фашистерді біз жоймасақ, олар біздің түбімізге жетеді. Сөйтіп, қуанышты, бақытты өмір қайтып оралмайтын болады...». Нүркен Әбдіровтың тұңғыш рет жауынгерлік тапсырмамен ұшар алдында жазған хатынан (23 қазан).
Бейбіт өмір мен ел бірлігін аңсаған Нүркен Әбдіров 1919 жылы Қарқаралы өңірінде бұрынғы бесінші ауыл, қазіргі Нүркен атындағы шаруашылық аумағында, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. Кейін ата–анасымен бірге Қарағандыға қоныс аударып, осы қалада әуе клубында ұшқыш мамандығын игерген. Соғыс басталғанда Нүркен Орынбордың авиаучилищесінің курсанты болып оқып жүрген еді. Оқуды бітіргеннен кейін оған қысқа мерзімді демалыс беріледі, бірақ ол демалыстан бас тартады. Қолына ақ парақ пен қалам алып, үйіне былай деп хат жазады: «Мен фашистердің үнін ажал оғымен өшіру үшін асығып, үйге бармадым...».
Осылайша, жиырма жасында алғаш әуеге көтеріліп, ұшудың дәмін сезген өжет жігіт оқуын аяқтай сала, үйіне де бармай, 267 әуе дивизиясының 808-ші шабуылшы полкі құрамында майданға аттанды. Онда талай әуе шайқасына қатысып, көк аспанда қырандай самғап, қармаған жауының жанын алып отырды.
Барлығы 17 рет әуе шайқасына қатысқан Нүркен жаудың 18 танкісін, 46 жүк машинасы мен көлігін, оның ішінде оқ-дәрі тасыған 18 керуенді, жанармай құйған 3 цистернаны талқандап, зенит қондырғыларының бесеуін, бірнеше жабық атыс ұясын, талай жау әскерін жайратты.
1942 жылы желтоқсанның ызғарлы бір күнінде біздің батыр жерлесіміз өзінің серігі, атқыш әрі байланысшы Саша Комиссаров екеуі соғыс аспанына соңғы рет самғап шыққандарын өздері де білмеген еді. Боков-Пономорев станциясы маңайына келгенде, соғыс оты өрши түсті. Олар жаудың тас құрсанған үлкен алты танкісін, бірнеше атыс ұясын, зенит артиллериясының екі қондырғысын жойып жіберді.
Жау жағы да қарап қалмады. Қырандай самғаған темір ұшақтарға жаудырта оқ атып, жауап қатты. Осындай бір жау оғы ұшаққа дөп тиіп, ол өрт құшағына ене бастады. "Отан үшін отқа түс, күймейсің" деген ой көңілінде күңгірттене сәуле берсе де, Нүркен осы жолы отқа түссе, аман қалмайтынын білді. Бірақ батырдың батырлығы сол, жан сақтауға еш тырысқан жоқ. Керісінше, отқа оранған күміс қанат қыранның тұмсығын фашист танктері шоғырланған тұсқа қарай бұрды. Осылайша құлдилай құлаған самолет ішіндегі Нүркен мен оның қандыкөйлек серігі Александр Комиссаров екеуі ақырғы рет қаншама жауды қырып, жастық шағын өздерімен бірге ала кетті.
Осынау теңдесі жоқ ерлігі үшін Нүркен Әбдіровке 1943 жылғы наурыздың 31-інде ең мәртебелі атақ "Кеңес Одағының Батыры" атағы берілген еді.
Сарыарқа сұңқары осылай мерт болды. Оның қаһармандығы бүкіл елге жайылды. Қарағанды еңбеккерлері, олардың ішінде кеншілер Нүркен Әбдіров атындағы ұшаққа қаржы жинап, жауға аттандырды. Бұл ұшақ кейін Жеңіске дейін қанаты талмай, қатарда қызмет етті.
Ростов облысындағы Боков станциясының іргесіндегі Конек ауылында жерленген Нүркеннің басында қызыл тастан қашалған ескерткіш бар. Қарағандының қақ ортасында батыр Нүркен бейнесі мәңгілікке орнықты, Нүркен ауылында да ескерткіш орнатылды. Кеншілер астанасының әсем спорт сарайы батыр жерлесіміздің есімін иеленген. Қазақ батырының ерлігі қанша жыр-хикаяға, ән мен әңгімеге арқау болды. Боков орта мектебіндегі отрядтардың бірі – Нүркен атында. Батырдың анасы Бағжан бәйбіше "Боков станциясының құрметті азаматы" болып табылады. Еліміздің әр қаласында Н. Әбдіров атында көптеген көше бар. Жері үшін жанын берген еріне елі осылай тағзым жасауда.
Нүркен Әбдіров – қазақ топырағынан шыққан Кеңес Одағының Батыры. Ол жайында, оның ерлігі жайында айтып тауысу мүмкін де емес. Сұрапыл соғыс заманында көрсеткен теңдесі жоқ ерлігі ғасырдан-ғасырға дастан болып қала бермек.