Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітап аудармасынан үзінді:
Басы
Азық-түлікті жергілікті тұрғындардан алып отырдық, ал оқ-дәрі, қару-жарақ пен киімді аспаннан америкалықтар мен ағылшындар лақтырды.
14-ші испан партизан бригадасы маған лейтенант шенін берді. 1944 жылдың қазан айында партизандар ішінен 64 адамды жинап, партизандық Қарсыласу құрамында болған кеңес адамдары КСРО-ға кету үшін жиналып жатқан Тулузаға келдім".
Одан кейін... Кейін қалған қысқа ғұмырында есінде сақталатын осы бір өзгеше оқиға болды.
Күнделіктегі жазбаларына қарасақ, Қадем білімді, дарынды адам болған. Ол неміс, испан тілдерін білген. Францияға келіп, француз тілін үйрене бастаған. Тіл мектебінде емес, әрине. Ол тілді майданда жүріп үйренген. Өз көзқарасын қалдырып, сезімін төккен дәптер жаңа сөздермен толығып, ол үшін сөздік қызметін де атқарған. Келе-келе Эленге қатысты жерлерін француз тілінде жаза бастаған. Отанға оралған соң, бөтен біреу оқып қоя ма десе керек, жазбасын неміс тілінде жазады.
Оның қандай болғанын білмеймін. Өте ұяң болған тәрізді. Өз сезімін сыртқа шығарып айта алмай, тек күнделікке сеніп тапсырған. Мүмкін жүрген жерін думанға бөлейтін даурықпа адам болған шығар, шулы бейнесіне жаны жараланғыш, нәзік, сезімтал болмыс жасырынған болар. Өз күнделігінде ол Эленмен танысқан сол бір кешке қайта-қайта орала береді. Бұл досы екеуі театрға келген кезде болған еді. Қойылым алдында оларға бірдеңені аудартып алу өтінішімен екі қыз жақын келеді. Ол екеудің бірі Элен Гюстен болатын. Қойылымның басталуына аз уақыт қалған еді, сондықтан қойылым біткен соң сөйлесеміз деп келіскен. Қойылымның не туралы болғаны ойында қалмапты: кеш бойы ол артына жайғасқан сол бір таңғажайып аруға бұрылып қарағысы келіп, құмартып отырған. Қыз 22 жаста еді, Марсельде медицина институтында оқитын. Тулузада анасы тұрған.
Ақын не драматург болсам, сол қызды қалай сүйгенімді айтып, жаһанға жар салар едім. Ол да мені шексіз сүйді. Элен, хат – бұл жан, бұл жүрек жылытқан ой.
Өкінішке орай, Қадем Жұманиязовтың бүкіл күнделігі мақала шеңберіне сыймайды, бірақ, осы бір шағын лагерь дәптерінен үзіп алынған кез келген жол жүректі тербеп, жаныңды ғаламат сезімге бөлейді. Ондаған жыл бұрын болған оқиғаны қолмен ұстап, көзбен көргендей сезіммен оқуға болады, оны жазушылар кітап етіп жаза алады.
Бұл соғыс жайлы кітап пен оқулықтардан білеміз. Соғыс деген – атыс-шабыс, жек көру, өлім деп үйрендік. Осының бәріне қарамастан, махаббат дүниеге келуі мүмкін. Ол соғыстың жантүршігерлік қорқынышына төтеп бере алады. Осынау әлемнің осалдығы мен сенімсіздігін сезінген сайын, адамдар әр атқан таңға, жер иісін иіскеуге берілген мүмкіндікке алғыс айтып, әр сәттің, әр жұтым ауаның, әр кездесудің қадірін біле бастайды.
Қадем мен Эленнің бақыты, өкінішке орай, ұзаққа созылмады. Әлем Жеңісті тойлады. Олар үшін бұл – айырылысар күннің жақындай түсуі еді. Қадем Махаббат пен Отанның біреуін таңдауға мәжбүр болды. Ол "қарсыласушылардың" ұлы жеңісінен қанат алып, Кеңес Одағында жолдары ашық болмайтынын түсінген сирек адамдардың бірі еді. Францияға қайтар жол енді жоқ. Ақылы ұғынса да, жүрегі ғажайыптан үміттенді. Сондықтан фашист тұтқынындағы, концлагерьдегі небір сұмдықты басынан кешіп, бір ғана туған жерге табаным тисе деген арманмен өмір сүрген ол Францияда қалу туралы ойына да алмады. Үйге бірден қайтатын мүмкіндік те жоқ еді, пойыздар толып қалды. Оған офицер ретінде Одаққа әскерлерді жіберу ісімен айналысу тапсырылды. Сол кезде ол үйге тезірек оралу үшін офицер екенін жасырып қалды. Сонда да Қазақстанға жылдам жете алған жоқ.
Элен болса, бұл айырылысуға көнгісі келмеді. Ол Қадем кетерде, оған ілесіп Парижге келді. Оған айтпай, кеңес елшілігіне барып, КСРО-ға кетуге рұқсат сұрайды. Ол кез келген жұмысқа, кез келген қиындыққа, кез келген шартқа көнуге дайын еді. Бар қалауы – сүйгенінің жанында болу. Бұл үшін ресми неке керек болды. Бірақ Қадем бұл қадамға бара алмады, себебі, қызды алдында не күтіп тұрғанын жақсы білді. Оны Францияда қалып, күтуге көндірді. Егер қайтадан әскерге шақырып қалса, ол мүлде бөтен елде жалғыздан-жалғыз қалар еді. Бұл қызды үрейлендірмеді. Бірге ала кетуін өтініп, жалынды.
Элен, айырылысатын сағат келіп жетті. Біз Париждегі Аустерлиц вокзалына келдік, бұл жақтан кеңес сарбаздары Отанына жіберіледі. Кетуге біраз уақыт қалғанда жеттік. Кафеге кірдік, перронмен жүрдік. Сен жылай бересің. Мен сені жұбата алмаймын. "Қайтып келем" деген уәдем де жаныңа жұбаныш болмады. Дүкенге кірдік. Пластинка сатып алып: "мені сағынсаң, "Шабада" деген әнді тыңда" деймін саған. Сен туралы мәңгі ойлайтын боламын, махаббатым менің. Жүрегімде Париж вокзалының перронында еріген осы бір нәзік мүсін, осы бір силуэт сақталатын болады. Мені кешірші, жаным. Біз қайтадан кездесеміз ғой...
Қадем бірнеше ай Франциядан Еуропаға кете алмады. Эленмен кездесетін, оған хат жіберетін мүмкіндігі болды. Бірақ ол бұны істемеді. Сүйіктісін бір көріп, бір құша алмай қиналған ол бұл ісі арқылы өзін тезірек ұмыттырам деп ойлады. Француз қызының Кеңес Одағында болашағы жарқын болуы екіталай. Қыздың Отанында қалу туралы ой басына кіріп те шыққан жоқ. Сондықтан оған бағытталған барлық хатты тек қана күнделігіне жазып отырды.
Аяулы Элен! Екі жаққа кеткенімізге бес ай толыпты. Махаббатым менің, мені кешірші, сені өзіммен бірге алып кете алмадым. Мен үшін қиналғаныңды қаламап едім! Мені ұмытып, басқа адаммен өміріңді жалғауың керек. Мені әлі де ойлап жүргеніңді сеземін. Мен сені сүйемін, ешқашан ұмытпаймын. Бір кездері саған қайтып ораламын, осыған сенші...
Сенің Қадемің
Жалғасы