Массагет ұжымы барша отандастарымызды 9 мамыр Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтайды! Халқымыз аман, жұртымыз бейбіт, еліміз егеменді болғай!
Осыдан тұп-тура 70 жыл бұрын адамзат тарихында ең ауыр және қанды соғыстың соңғы оқтары атылған еді. Содан бері 1945 жылдың 9 мамыры жұртшылық жадында біздің халқымыздың ерлік үлгісі, мұқалмас қажырлығы мен мызғымастығының символы болып келеді.
«Кеңес Одағы» деген үлкен мемлекеттің миллиондаған халқымен бірге, Қазақстан да бұл сұрапыл соғыстағы жеңіске өзінің үлкен үлесін қосты. Қасиетті де қастерлі Елі үшін жан беріп, жанын пида еткен ардагерлерді жыл сайын еске алып, олардың рухына тағзым ету – біздің, кейінгі ұрпақтың ең басты парызы.
Иә, бұл жеңіс бізге оңайшылықпен келген жоқ. Бұл – аға буынның жанқияр ерлігі мен еселі еңбегінің жеңісі. Қаһарман қайсарлықтың хас үлгісін көрсеткен қайтпас рух пен жалынды жігерлерінің жемісі. Осы Жеңіс жолында миллиондаған адам құрбан болып, біз бұл жеңісті қимас боздақтарымыздың, әкелеріміз бен аталарымыздың өмірімен өтедік.
Ендеше, осы қаһармандарымыздың қанымен, жаужүректеріміздің жанымен жеткен жеңісіміз баянды болғай! Бейбіт күнімізді бағалап, тәуелсіздігіміздің қадіріне жетейік. "Ешкімге соқтықпай жай жатқан ел" атымызды әрдайым сақтап жүрейік! Күллі қазақ шаңырағында шаттық шалқысын!