Мәншүктің мәлім болмаған мінезі #2

Мәншүктің мәлім болмаған мінезі #2
Фото: artyushenkooleg.ru (өңделген)

Басы

Ең белсенді әскери тілші. «1943 жылы 5 майда бригадамыз Ступино биігінің түбінде қорғаныста тұрған кезде, Шадинино дейтін деревняда өткен бригада газеті әскери тілшілері мен үгітшілердің баспасөз күніне арналған мәжілісінің президиуымында Мәншүкпен қатар отырдым. Тілшілер жиналысын подполковник Сақтаған Бәйішев ашып, бригада газетінің редакторы майор Қасым Шәріпов баяндама жасады. Жиналыста әр бөлімнен газетке үздіксіз хабар жазып тұратын ең белсенді әскери тілшілер мен үгітшілерге алғыс жарияланды. Алғыс алғандардың ішінде пулемет батальонынан Мәншүк, артиллерия дивизионынан мен болдым. Жиналыстың соңынан бірнеше жауынгер Мәншүкті ортамызға алып, оны батальонына дейін шығарып салдық».

Жеңістің анасы. «...Бәріміз қатарласып тағы да ілгері аяңдадық. Осы кезде Қазихан қызға оқыс сұрақ қойды.

– Мәншүк, сен жалғызсың, жігіттер көп қой. Олар қинамай ма сені? – деді. Бұл сұрақты орынсыз көрген өзгеміз үн-түнсіз қалдық. Осыны аңғарған жауынгер сөзін әрі қарай жалғады. – Сен маған ренжіме, бұл бір сыр ғой әншейін.

Мәншүк аяғын үн-түнсіз үш-төрт аттап басты да, басын көтерді.

– Жігіттер әртүрлі ғой, - деді содан соң. Қызды көрсе қызыл көрген қарғадай шоқаңдап шыға келетіні де бар. Қызды қарындасым деп, әрдайым қорған болуға тырысатындар да жоқ емес. Бірақ мені Алматының алма бағында пісіп тұрған қызыл апорттай көріп, үзіп алып, күйсете шайнаймын деген жігіттің тісі сынады. Жұтамын деген жұта алмай қақалып өледі. Ал бір түйірімді жұтқан жігіттің ішін тесіп шығамын мен! – Мәншүк ернін тістелеп тоқталып қалды. Содан кейін жігерлене қайтадан үн қатты.

– Соғыс екен деп мен ешкімге өзімді тәлкекке бермеймін. Халқымның ежелгі дәстүрі бойынша өзіме бұйырған жігітке пәк күйімде қосыламын! Ал менің сүйген, серттескен жігітім жоқ. Соғыс біткен күні қайсың маған қол созсаң, мен соның адал жары боламын. Пәк жалынды жанымды жауды жеңген солдатқа арнаймын...

Осы кезде бұрқ етіп менің көзіме жас келді. «Айналайын, қарындасым, қандай асыл қыз едің?!» - дедім ішімнен. Мәншүк екі беті алмадай қызарып, қатты толқып, тоқталып қалды да, қайтадан сөзін жалғады. – Әр әйел артына ұрпақ қалдыру үшін дүниеге келеді, - деді ол содан соң. – Ал мен олай-бұлай болып кетсем де, ұрпақсыз қалмаймын. Мен жеңістің анасы боламын. Жеңіспен ілесе, Жеңісхан, Жеңісбек, Жеңісгүл, Жеңісжан, Жеңіснұр атты талай бала дүниеге келеді. Мен солардың шешесі боламын, солардың сәбилерінің әжесіне айналамын! Ал оған дейін тәніме сезімнің найзасы тигенше, жүрегіме кірт етіп келіп ыстық қорғасын қадалсын! Антым осы, сертім сол менің! Мен майданға сүйісу үшін емес, соғысу үшін келгенмін!»

Мәншүк Мәметованың қаза болуы турасында 100-бригада ардагерлерінің бірі, қазір Шымкент қаласында тұратын Жұмахмет Дәуітов ақсақал: «Невель мен Великие Луки аралығындағы теміржолды жаудан тазарту керек болды. Станса маңында екі жақ та қатты шайқасты. Автоматшылар ротасындағы Мәншүк вокзал маңындағы шайқаста өзі жараланса да, ауыр жараланған бөлімше командирін алып шықпақшы болды. Бұл менің көз алдымда, 200-300 метр жерде болған оқиға. Амал қанша, қазақтың қарапайым қызы Мәншүктің қазасы қабырғамызды қайыстырғанымен, соғыс тағдыры өз дегенін істетті»,- деп еске алады.

Әрбір қазақ қызының он саусағынан өнер тамған, көмейіне құс ұялаған. Қай-қайсысының да сөз маржанымен кесте тігіп, ой өрнегін ақ қағазға таңбалай білетін қасиеттері ешкімге таңсық емес. Ал батыр аруымыздың қысылтаяң кезеңде барлығынан абыройын жоғары қойып, «жеңіс анасымын» деген ұранды сөздері соған сай әрекеті бүгінгі бейбіт бойжеткендерге үлкен үлгі, өрелі өнеге болып қалды.

@. @assel_assanova