Ұлы Отан соғысы жылдарында қасқалдақтай қаны қалғанша қасқайып жауға қарсы тұрған қайсар батырларымыз қисапсыз. Батыр дегенде көзімізге елестейтін нар тұлғалы, шымыр денелі ерлермен қатар, сол сұрапыл соғысқа жаны нәзік, қаны батыл қыздарымыз да қатысқанын бәріміз білеміз.
«Фашистерді жою үшін майданға жіберетін менің ағайым да, апайым да жоқ, сондықтан өзімді жіберіңіз» деп арнайы өтініш жазып соғысқа сұранған Мәншүк Мәметованың бойды шымырлатар осы бір сөздері де тарихтан мәлім. Батыр қыздың өмір жолы туралы өткен жылғы жазбаларда айтылған еді. Ал оның әскери тілші болғанын, әншілігімен танылғанын екінің бірі біле бермесе керек.
Мәншүк Мәметова Оралда туылғанымен, балалық шағы Алматыда өтті. Балауса балғын Мәншүкті құрбылары жұмсақ та жайдар мінезі, көңілді күлкісі, салмақтылығы, оқудағы табандылығы үшін аса жақсы көрді. Тұлымшағы желбіреген бала күнінен әнге құмар боп өсті. Бұлбұлша сайрап отырып әдемі өрнектер кестелегенді жаны сүйді. Мектеп бітірген соң медициналық рабфакқа, сосын институтқа түсті. Сол жылдары Халық комиссарында хатшылық қызмет атқарды.
Бейбіт күн аяқталып, сұм соғыс басталған жылдары Мәншүктің қолы қызметте болғанымен, бар ойы соғысқа баруда болды. Медбикелік курсқа жазылып, қан майданда жан алысып-жан беріскендердің ортасына түсу үшін, өз еліне деген сүйіспешілігін іспен дәлелдеу үшін қолынан келгенінің бәрін істеп, пулеметші болам деген арманына да жетті. Соғыс жылдарында Мәншүк Мәметованы небары төрт рет көрген Әзілхан Нұршайықов көп естелік қалдырып, таптырмас ақпаратқа қанықтырып кеткен еді.
Әскери киімді әнші қыз. «Мәншүк арқасында келе жатқан автоматын сырғытып алдына шығарды. Домбыра пернесін қуалаған сияқтанып, стволдың сағағын нәзік саусақатырының ұшымен жып-жып еткізіп, басып-басып қойды. Содан соң оң қолының саусақтарын сәнмен тарбита ұстап, сәл бөгелді де, автоматтың ағаш дүмін қағып-қағып жіберді. Мәншүктің қазақтың атақты әншілерінің осы бір кербез қылығын есімізге түсірген бұл ерке қимылына бәріміз мәз бола күлдік. Ол өзінің нәзік, сонымен бірге асқақ әуенімен «Қара торғайды» бастады. Алғашында жігіттер оған үн қосудың орнына сілтідей тынып, тыңдап қалды.
Ке-ле-ді қа-ра тоо-ор-ғай қа-нат қа-ғып,
Ас-ты-на қа-на-ты-ның а-а-ай маржан та-ғып а...а...ау.
Мәншүк осылай деп ән бастағанда жабығып тұрған жасыл орманға жан біткендей болды. Орманның бар әсемдігі елең етіп, жас жапырақтар жабыла алақан соғып жіберген тәрізденді. Орман ғана емес, өзіміздің де кезерген ерндерімізге күлкі жүгірді. Әлдене жүректі шымшып, қос көзге бір ыстық леп ұрғанға ұқсады. Көз алдымызға қызғалдағы жайқалған кең дала елестеді. Кішкентай қанаттары жалп-жалп етіп, бізге қарай қаннен қаперсіз қара торғайлар қаптап ұшып келе жатты. Қара торғайлардың ар жағынан туған ауылдың түтіні будақтап, бізді өзіне шақырып, күтіп тұрған тәрізденді.
Бұл біздің соғысқа келгелі қазақ қызының аузынан естіген тұңғыш әніміз еді. Оның үстіне жасынан әнді сүйіп өскен Мәншүк мектепте, рабфакта оқығанда үнемі хор үйірмесін басқарыпты. Мәншүктің әншілігіне біздің ел әнін салғанымыз қосылып, қыздың дірілдете шырқаған үні біздің жүрегіміздің барлық қылын қозғап, оның неше алуан иірім, ырғақтарын ұйқыдан оятып, лепіртіп, асқақтатып, шалқытып жіберген сияқтанды».
Жалғасы
Ұқсас жазбалар:
9 мамыр. Бауыржан Момышұлы: Таяқпен танкке қарсы соғыстық
Ұлы Отан соғысы батырлары: Сергей Луганский