Қазақстаннан 1 миллионнан астам адам соғысқа қатысқан

Қазақстаннан 1 миллионнан астам адам соғысқа қатысқан
Фото: massaget.kz

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітап Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен суреттерді топтастырған.

Қазбек Жұмабекұлының "Ер есімі – ел есінде" кітабына жазған кіріспе сөзінің жалғасын ұсынамыз. 

Басы

Ұлы Отан соғысының басында Қазақстанда 6 миллионнан астам адам тұрған. 1 миллионнан астам адам, яғни әрбір алтыншы адам майданға шақырылған.

Республикада 12 атқыштар дивизиясы, төрт ұлттық кавалерия дивизиясы, жеті атқыштар бригадасы, соның ішінде екі ұлттық атқыштар бригадасы құрылып, майданға жіберілді. Одан бөлек, 50 полк пен түрлі батальон құрылған.

Майданда еңбек етуге 700 мың адам аттандырылса, 670 мың адам кәсіпорындарда қызмет етті. 

Жалпы айтқанда, соғыс кезінде Қазақстан халқының қосқан үлесі зор болды. Әрбір үшінші оқтың Қазақстаннан өндірілген қорғасыннан жасалғанының өзі көп нәрседен хабар береді. 

Брестті, Мәскеуді, Сталинградты, Ленинградты, Курскіні қорғап, Белоруссия мен Украинаны, одан қалды Еуропаны азат етуде қазақстандықтардың еңбегі ерен болды. Рақымжан Қошқарбаев алғашқылардың бірі болып Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. 

500-ге жуық қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Олардың төртеуі бұл атаққа екі рет ие болды. Олар – Талғат Бигельдинов, Леонид Беда, Иван Павлов пен Сергей Луганский. Одақ құлар алдында аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы батыр атағын алды. 100-ден аса қазақстандық Даңқ орденінің толық кавалері болды. 

Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Соғысқа аттанған миллионға жуық адамның 600 мыңы оралмады. 

Уақыт өткен сайын қорқынышты шайқастарды көзімен көрген адамдардың саны азайып келеді. Өскелең ұрпақтың сол кездегі соғысқа деген қарым-қатынасы өзгеруде. Бірақ біз миллиондаған адамның өмірін қиған шайқасқа қатысқан әкелеріміз бен аталарымыздың ерлігін ұмытпауымыз керек. Оларға қарап, Отанға риясыз қызмет етуді үйренсек керек-ті.

Қазбек Бейсебаев, "Ер есімі – ел есінде" кітабынан

М. Оңғарова