Ту биік тұрса, рух төмендемейді. Атақты 72-атқыштар дивизиясының жауынгерлік белгісін қарсы алған шымкенттік қарт жауынгер осылай деп отыр. «Біз - Жеңістің ұрпағымыз» атты республикалық әскери-патриоттық эстафетаның символы болған туды ұлықтау рәсімі «Даңқ» аллеясында өтті, деп хабарлады www.24.kz.
Қаладағы 6506 әскери бөлімінің офицерлері мен жауынгерлері салтанатты сап түзеп, ардагерлерге құрмет көрсетті. Отан үшін күрескен жандардың рухына тағзым жасап, мәңгілік алау жанына гүл шоқтарын қойды. Қазақ жерінде жасақталған дивизия ұрысты Сталинград түбінен бастап, жеңісті Прагада қарсы алған. Қаншама елдімекенді жау қолынан азат етті. Дивизияның 31 жауынгері Кеңес Одағының Батыры атанды. Аты аңызға айналған дивизияның жауынгерлік туының көшірмесін қабылдап алған 6506 әскери бөлімінің сарбаздары ардагерлермен бірге қаладағы бірқатар оқу орындарын аралып, сол кездегі қазақстандық жауынгерлердің ерліктерін дәріптемек.
«Біз кешегі соғыс кезінде гвардия туын желбіретіп алға қарай ұмтылғанымызда, жаудың өзі қарсы тұра алмайтын. Ту тігулі тұрғанда шепті бұза алмайтын. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың отанына адал қызмет етіп, туды қашанда биік ұстағандарын тілеймін», - деді cоғыс ардагері Демьян Сауилин.
Оның сөзін жалғаған 6506 әскери бөлімінің офицері Қажымұқан Қалиев «Біздің ағаларымыз, аталарымыз осы жауынгерлік ту астында жеңіске жеткен. Бұл жауынгерлік туды алу біздің бөлімге үлкен мәртебе болып табылады», - деп ризашылығын білдірді
Сурет: kz.otyrar.kz