Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Тәшенов Жәлел Тәшенұлы 1915 жылы 15 қазанда Семей облысы, Жарма ауданында (қазіргі Шығыс-Қазақстан облысы) дүниеге келген. 1931 жылдан бастап Жармадағы кен орнында жұмыс істеген. 1936 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылады. 1940 жылы артиллерист, лейтенант болып фин майданына қатысады. 1941 жылы майдандық өмірі Белой Церквте басталады, Карповка селосына әскери білім алуға барады.
1941-1944 жылдары 144-ші кавалерлік полк, 96-шы кавалерлік дивизияда кіші лейтенант шенімен соғысқа қатысты. Жарақат алған соң, Тәжік ССР Ленинабадқа кіші офицер мектебіне нұсқаушы ретінде жіберілді. 1945-1947 ж.ж. Қаратау қаласы жапон әскери тұтқындар лагерінде әскери борыш өтеді. 1947 жылы отставкаға шықты. 1956 жылы 18 қарашада жарақаттан қаза тапты. Ол биік бойлы, сымбатты, мейірбан адам болды. Соғыс туралы көп айтпайтын, марапаттары сақталмады.
Қыздары Тәшенова Роза, Тәшенова Әмина, Тәшенова Майра, Тәшенова Майгүл, Тәшенова Сарқыт және немере-шөберелері бар.