Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітап аудармасынан үзінді:
Өтекешев Қарасай Аспанбетұлы (1912-1942) Батыс Қазақстан облысы, Жәнібек ауданы, Мұратсай селосында туған. Соғыс басталғанға дейін Қарасай Оралдағы Шыңғырлау ауданы, Шілік селосында аудандық атқарушы комитеттің жауапты хатшысы болып қызмет етті. Соғысқа шақырылатындар қатарына енбей жатып, өздігінен сұранып майданға аттанды. Ақтөбе қаласынан аттанып, кейін Орынборға жөнелтілді.
Соғыс кезінде Қарасай Өтекешев Калинин майданында 9-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 3-ші соққы әскерінде гвардия старшинасы, рота командирінің көмекшісі болды. 1942 жылы 27 қарашада Великие Луки қаласы маңында неміс фашистерімен айқас кезінде ерлікпен қаза тапты. Бұл шайқас стратегиялық маңыздылығымен және адам шығыны көп болғанымен «кіші Сталинград шайқасы» деген атпен тарихта қалды. 30 жасында қыршыннан қиылған жауынгердің артында жұбайы (Тұрсын Өтекешева Есболайқызы), екі қызы және өлмес есімі қалды.
Отбасы 1942 жылы желтоқсанда полковник Гершойг Самуил Григорьевичтің әскери бөлімшесінің командирінен «қара қағаз» алды. Одан соң майдандас досы, саяси жетекші Теренник Иван Семеновичтен хат келді, майдан кезінде екеуі бір-бірінің мекенжайын сұрап біліскен екен.
Қыздары достарынан көптеген жыл қазбалап сұрастырып, 1972 жылы жерленген жерін табады, қазір ол жерге үшінші ұрпағы ат басын бұрып тұрады.
Қарасай Өтекешевтің жерленген жерін табуға соғыс ардагері, КСРО журналистер Одағы мүшесі, ҰОС ардагерлер кеңесі мүшесі Әбдірахман Өміржанов көп көмектеседі.
1972 жылы сәуірде жерленген жері жазылған қағаз келіп, нақты ақпарат алады. Псков облысы, Великолук ауданы, Чернозем станцасында мемориалдық тақтайға аты жазылған.
Жалғасы