- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Жаужүрек жауынгерлер...
Жаужүрек жауынгерлер
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітаптан үзінді:
Жандосов Хамит Мастайұлы
Менің аты-жөнім – Жандосова Сәния Әлкенқызы. Менің атам Жандосов Хамит Мастайұлы – отставкадағы гвардия полковнигі, 2006 жылы өмірден озды. 92 жаста еді. Атам 1942 жылдың ақпанынан 1945 жылдың мамырына дейін соғысқа қатысты. 1942 жылдың ақпанында майданға өз еркімен кетті. Кстов әскери-саяси училищесінде орта саяси құрамды дайындайтын жеделдетілген курсты аяқтап, саяси жетекші лауазымымен 8-ші кавалер корпусына Брянск майданына жіберілді. Одан кейін осы корпус құрамында Дон және Воронеж майдандарында соғысты. Сталинград шайқасына қатысып (55-ші Сібір кавалер дивизиясының 84-ші кавалер полкінің құрамында), жараланған. 2-ші Украинский деп аты өзгертілген Степной майданында соғысқан. Украина, Молдавия, Румыния, Венгрия, Австрия, Чехословакияны азат ету майдандарына қатысқан. Жеңіс күнін Будапештте қарсы алған. Соғыстан кейін Кеңес әскерінің құрамында қалды. Атам әскерде 20 жылдай (19 жыл, 10 ай) қызмет етіп, 1961 жылы отставкаға шықты. Марапаттары: Отан соғысының І және ІІ дәрежелі ордендері, "Қызыл Жұлдыз" ордені, 13 медаль, оның ішінде "Сталинградты қорғағаны үшін", "Венаны алғаны үшін", "Будапештті алғаны үшін" медальдары бар. 1961 жылдан 1984 жылға дейін ҚазТұтынушыОдағы жүйесінде жұмыс істеді.
Атам туралы мақалалар жазылған, Сталинград шайқасының ардагерлері туралы кітапта есімі аталған, оны Алматыдағы ардагерлер Кеңесіндегілердің көбі ұмытпаған. Ол мейірімді, сезімтал, жақсы адам болды. Әділ де шыншыл еді, білетіні көп болса да, білімімен мақтанбады. Орыс тілінен бөлек, ағылшын, неміс тілдерін меңгерді.
Ойшыбаев Жұмаш Төлегенұлы
1909 жылы Орал облысы (БҚО), Тайпақ ауданында туған. Әскерге 1942 жылы шақырылған. Әскери билетінің нөмірі 255054. 1942 жылдың сәуірінен тамызына дейін 95-ші атқыштар полкінің мергені болған. Сосын Германияда тұтқынға түскен. Одан кейін мемлекеттік тексеруден өткен. 1945 жылдың мамырынан шілдесіне дейін 147-ші Батыс атқыштар полкінің құрамында соғысқан. 1945 жылдың шілдесінен 1946 жылдың қазанына дейін 209-шы ГВ атқыштар полкінде қызмет еткен. 1946 жылы әскерден қайтарылған. 1960 жылы "Германияны жеңгені үшін" медалін алған.
Үлкен туған-туыстарының айтуынша, Белоруссия мен Украина жерлерін қорғап, фин соғысына қатысқан.
"Ерлігі үшін", "Сталинградты қорғағаны үшін", "Германияны жеңгені үшін", "Фашизмді жеңгені үшін" және т.б. медальдармен марапатталған.
Бейбіт күнде қойшы болып, 5 баланы өсірген. 1974 жылы дүниеден озған.
Жолдаған: Жанна Ойшыбаева
Рақымжанов Харис Гарифұлы
Рақымжанов Харис Гарифұлы 1923 жылы Алматы облысы, Қаскелең қаласында туған.
РККА 1941 жылдың 22 ақпанында шақыртқан. 2-ші Прибалтика майданы, 43-ші әскер, 90-шы атқыштар корпусының құрамында соғысқан, капитан, рота командирі. 1944 жылы 25 шілдеде Литвия жерінде қайтыс болып, сонда жерленген.
Р. Роза