Илья Эренбург. «Қазақтар»

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Кітап аудармасынан үзінді:

Қазақтар (Очерк)

Маған бір фриц былай деді: «Біздің қарсылас солдаттарымыз қорқынышты болды, оларды ешқандай от тоқтата алмайды, бізге тура жүгіреді. Олардың қазақтар екенін мен кейін естідім. Бұрын мұндай халықтың бар екенін де білмеген едім…» Фрицтер көп нәрсе білмейді. Оларға Ресейдің алып мемлекет екенін айтқан да, онда алып халық тұратынын айтпаған.

Күн шығыс даласында тым ыстық пен қатты суыққа әбден еті үйреніп кеткен қайратты халық тұрған. Қазақ ақындары қазақтың кең даласы, батырлардың ерлік істері туралы жырлаған. Батырға ардан қымбат нәрсе жоқ. «Маған жалғыз-ақ намыс қымбат» деп алты құлаш найзасын алып, Ер Тарғын батыр жеті жүз жауға жалғыз шапқан. Москваны қорғаған 28 батырдың көз алдында Тарғынның осы бейнесі тұрған емес пе?

Панфиловшылардың біреуі, 19 жастағы Сұлтан Ходжиков Алматыдағы өзінің сүйгеніне былай деп жазады: «Эсфира, сүйіктім, жоқ, мен сені немістің қорлығына бермеймін! Өлем, бірақ шегінбеймін. Мен ондаған жауыздарды және оларды полковнигімен қоса о дүниеге аттандырдым. Бұл менің махаббатымның белгісі, Эсфира. Сенің Сұлтаның». Он бір немісті полковнигімен жойған жігіттің сезіміне қандай қыз қуанбайды.

Жиырма жыл бұрын Амангелді батыр қазақ халқының бақыты үшін шайқасқа шықты. Ол: «Қорқақ адамды кездестіруге қоян ұялады», - деген. Амангелді жорыққа шыққанда жауының бетіне түкіріп, теңізші орыс досын құшақтаған.

Қазан төңкерісінен кейін Қазақстан гүлдене бастады. Гвардияшыл Өмірәлиев жиырма жасында «Таш пашат» гүлденген колхозының төрағасы болды. Ол бір кезде жауынгерлер қатарында болды. Үш аптаның ішінде жиырма төрт немісті қырып үлгерді. «Бұл жай ғана кепілдеме, төлемі әлі алда», - дейтін ол.

Өмірбек Ілиясов атты қазақ өзінің ауыр жарақатына қарамастан, жанармай құйылған шынылы неміс танкісін өртеуге қайраты жетті. Ол үлкен жүректі кішкентай қазақ. Фрицтер қазақтың кім екенін енді білді. Увалиев жиырма тоғыз немістің жанын жаһаннамға аттандырды. Жауынгерлер жиырма тоғыз рет «ура» деп айқайлады. Пулеметчик қазақтар Естаев пен Балапанов неміс жаяу әскерлерін танкіден бөлектеп, ерлік істеді. Олар немістерге 150 метр жақындап, содан кейін ата бастады. Сонда Балапанов Естаевқа айтты: «Жаудың мүрдесінен жақсы иіс шығады» деген рас екен.

Жалғасы...