- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Естелік пен ерлік...
Естелік пен ерлік
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітап аудармасынан үзінді:
Мәдиев Мұқас
Әкем Мәдиев Мұқас Мәдиұлы 1926 жылы Орал облысы (сол кездегі Астрахань облысы), Орда ауданында туған.
Комсомолдың шақыртуымен 1943 жылы 17 жасында басқа да комсомол-еріктілермен бірге үміткерлер арасында болған қатаң іріктеуден өтіп, Қазақстан қамқорлыққа алған "Киров" крейсеріне қызмет етуге кетеді. Ленинградқа жету оңай болмады, қоршау толықтай бұзылмаған еді, әкем Ленинградқа барар жолда бомбалау кезінде жарақат алып қалады. Қалаға жетем дегенше жара шіріп, аяқты кесіп алып тастау керек болған, бірақ, әкем одан бас тартқан. Қоршаудағы Ленинград госпиталінен толыққанды көмек күту бекер еді, оны ажал құрсауында тастап кете барған, сонда да әкем тірі қалып, екі жарым айдан кейін крейсердегі басқа да қазақстандықтардың қатарына қосылған. Көп өтпей, бірінші бөлімнің старшинасы атанып, кемедегі зенит зеңбірекшілері тобын басқарады, бірінші рет неміс ұшағын атып түсіріп, осы үшін 20 күнге үйіне демалысқа жіберілген. Тек үйге келіп қана аяғына, басқа да жараларына ем-дом жасаған.
"Киров" крейсерінде 7 жыл бойы, соғыс уақытында және соғыстан кейін қызмет етті (1943-1950).
Ұлы Нұрлан Мәдиев
Мусин Асылхан
Мусин Асылхан 1897 жылы туған, Павлодар облысы, Бесқарағай ауданы, Теңдік елдімекенінде (кейін Чапаев колхозы, қазір Лебяжинск ауданы, Беген ауылы) тұрған.
Әскери жолын Азаматтық соғыста Плохотников командирінің жасағынан бастаған. Азаматтық соғыстан кейін Георгиевка-Чарск теміржол бөлігінде Түркістан-Сібір магистралін (Түрксіб) салған.
1939 жылы Қызыл әскердің жұмысшы-шаруа қатарына шақырылған, Финляндиямен болған "қысқы соғысқа" қатысқан. Бірінші нөмірде "максим" станокты пулеметінде қызмет еткен. Ол ағаш басында отыратын фин мергендері "кукушкалардан" қатты зәрезап болғандарын есіне алатын, оларды пулемет оғымен атып түсіріп отырған.
Ұлы Отан соғысын Қызыл Әскерде, 1941 жылы қарсы алып, Смоленск түбінде алғаш рет жарақаттанған, 1943 жылы кезекті рет жарақат алғаннан кейін жарамсыз деп танылып, Әскерден шығарылған.
Ел ортасына оралған соң, бригадир, ферма меңгерушісі болып жұмыс істеп, белсенділер қатарынан табылған. 1988 жылы дүние салған.
Мұхамеджанов Әлихан
Мұхамеджанов Әлихан 1925 жылы туған, Қарағанды облысы, Жаңаарқа РВК-сы шақырып, 2-ші Украина майданы, 100СД, ЗСП, 2-ші атқыштар батальонына жібереді, тыңшы болып, сол аяғынан ауыр жараланған. ІІІ дәрежелі "Даңқ" орденімен және екі рет "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған.
Бейбіт заманда бас бухгалтер болып жұмыс істеді. Қазір ойлап қарасам, ол марапаттарын "тілі" үшін алғанын түсінемін, яғни, немістерді алып келіп отырған. Бар мәселе сонда, ол соғыс туралы айтуды ұнатпады.
Сәуле Әлиханқызы Әбдіқанова (Мұхамеджанова)
М. Оңғарова