- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Ер есімі –...
Ер есімі – ел есінде: Әбдібеков Төлеуғали
Олар соғыс бізге жетпесін деп соғысты (Ардагерлердің балалары мен немерелері жолдаған материалдар). "Ер есімі – ел есінде" фото-кітабынан алынды. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев
Әбдібеков Төлеуғали
Әбдібеков Төлеуғали 1916 жылы Әбдібек Насырханның отбасында Семей облысының Жарма ауданында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы ) дүниеге келген. Қазақ. Қай жылдың қай күнінде туғанын өзі білмеген. Туған-туысқандары оған Ресейде қайғылы оқиға болғанын, ақ патшаны орнынан түсіріп тастағанын айтқан. Аңшылықпен айналысқан, оның олжасы әккі аңшылар мен ақсақалдарды таңғалдырған.
1932 ж. туған-туыстарының шақыруымен Төлеуғали Оңтүстік Қазақстанның «Пахта-Арал» совхозына қоныс аударған, ол жақта мақташы болып жұмыс істеген. Сол жерде жүрген кезінде Қызыл әскерге шақырылып, Хабар өлкесінде әскерде қызмет еткен. Әскери қызметі аяқталған соң, Төлеуғали туған совхозына келіп, мақташылар бригадасын басқарған. 1942 ж. мамырында Шымкент облысынан әскерге жаңа шақырылған топпен бірге Төлеуғали Калинин фронтына жеткен. Мерген атанған. 1942 жылғы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының әскери әрекетінің қысқаша есебінде, дивизия мергендерінің екінші слетінде 1942 жылдың желтоқсанында аға сержант Әбдібеков 219 фашистің көзін жойып үлгергені айтылған. 1944 жылдың 22 ақпанында Әбдібеков пен неміс мергені арасында соңғы шайқас болды. Әбдібековке суық тиіп қалған болатын, сондықтан ол өзін жайсыз сезінген, ал неміс мергені оны көріп қалып, бірінші болып атып тастаған. Әбдібеков мойнынан ауыр жарақат алып, жауап ретінде атып қалғанда, неміс мергеніне ажал құштырған. Бұл – ол көзін жойған ең соңғы дұшпан еді. 23 ақпанда Әбдібеков сол күйі беті бері қарамай, алған жарақатынан 6-медициналық-санитарлық батальонында қайтыс болып, дәл бір ай бұрын көз жұмған досы Григорий Постольниковтың жанына, Калинин облысының (қазіргі Псков облысы) Насва Новосокольник ауданына жерленген. Соғыстан кейін Псков облысының Монаково ауылындағы бауырлас әскери бейітке қайтадан жерленген.
Соғыста көрсеткен ерлігі үшін Әбдібеков Төлеуғали Насырханұлы Қызыл Жұлдыз, Қызыл белгі ордендерімен, қайтыс болғаннан кейін Отан соғысының І дәрежелі орденімен және Ленин орденімен марапатталған. Қолбасшылар оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынған жоқ, өйткені Төлеуғали биографиялық анкетасына атасы Кемелбайдың қуғын-сүргінге ұшырағанын жасырмай ашық жазған еді. Төлеуғалиға деген сенімсіздік пен күдік анкетамен бірге жүріп, жанға жара салды...
Қаһарман-жауынгер Әбдібеков өз Отанын айрықша сүйген, өмірінің соңына дейін әскери антқа адал болып, гвардияшы-панфиловшы лауазымын қадір тұтқан. 1942 жылдың қарашасында әскер достарының алдында өз өмірінің мақсаты туралы былай деп айтқан: «Мен – Гвардияшымын. Бұл – мен үшін үлкен мәртебе. Мен Гвардия туын сүйіп, осы тудың астында соңғы демім қалғанша, жеңіске жеткенше 28 гвардияшы-қаһарман қалай күрессе, дәл солай дұшпанмен арпалысамын деп ант етемін». Әбдібеков Төлеуғалиды «Халық Қаһарманы» атағына ұсынатын кез жетті, бәріміз өтініш білдіріп, осынау тарихи әділетсіздікті түзеуіміз керек деп ойлаймын!
Жолдаған: Айгүл Байқадамова
Р. Роза