- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Боранбай Бекбосынов ...
Боранбай Бекбосынов – жеңіс жолында қан мен тер төккен хас батыр
Туған жері мен соғысқа шақырылған жері: Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Атасу ауылы.
1941 жылдың тамызында Ленинградты қоршау кезінде лейтенант шенімен Ленинград майданына жіберіледі. Сарбаздар взводын басқарған. Бірнеше рет жарақат алса да, госпитальдан шыққан соң, өзінің Нарва полкінің Қызыл Тулы 131-Ропшин атқыштар дивизиясына оралып отырған.
Аса қиын да жауапты майдандарға қатысып, ерлік пен жанкештілік танытып, соғыс тактикасын сауатты жүргізген, осының арқасында көп қан төкпей майданды табыспен аяқтап отырған. Көп өтпей ол рота командирі, кейін батальон командирі шеніне ұсынылған.
1944 жылдың басында жау Ленинградтан шегінген кезде комбат шенінде бірнеше табысты операция ұйымдастырған. Батальон әскерлерімен бірге маңызды плацдармды басып алып, негізгі күш келгенше ұстап отырған, сөйте отырып, полк пен бүкіл дивизияның сәтті шабуылдауына жағдай жасаған. Осы ерлігі үшін ол Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталған.
Эстонияны азат ету кезінде кеңес әскерлері Маево ауылында бөтен аймақтың әр пұшпағына жабысқан фашистердің мықты қарсылығына тап болған. Сонда Боранбай Бекбосынов жау паналаған бөлімді түнде қиратпаққа бел буады. Белгіленген уақытта батально үш ротамен бір мезгілде үш жақтан батыл түрде шабуыл жасап, әскери қорғанысты тез арада талқандайды. Артиллерия әскерлерді бөгеуші оқпен қорғап тұрған. Күтпеген жерден болған қаһарлы қысым жауды есеңгіретіп, көбі байбалам салып қаша жөнеледі, 1300 неміс әскері мен офицері, сонымен қатар төрт генерал тұтқынға түседі. Бұл операция үшін комбат Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталады.
Германия тізе бүккен соң да жас офицер үшін соғыс аяқталмады. Оның сол Ропшин дивизиясы құрамындағы батальоны Қиыр Шығысқа жөнелтіледі. Бір апта бойы Бекбосынов батальоны Манчжурияда ауыр соғыс жүргізеді.
Қызыл әскердің жалпы алғанда 23 күнге жалғасқан Қиыр Шығыс кампаниясы өзінің пәрменімен, динамикасымен және соңғы нәтижесімен Екінші Дүниежүзілік соғыстың ең ірі стратегиялық операцияларының бірі болды. Әскери әрекет фронтта 5 мың километр жүрді. 600-ге жуық тұтқын, көп көлемдегі оқ-дәрі мен техника қолға түсті. Жапон милитаристерімен соғыс кезінде көрсеткен ерлігі үшін 308 мың кеңес әскеріне ордендер мен медальдар беріледі. Полковник Боранбай Бекбосынов та жоғары марапаттарға ие болды.
Отбасы мұрағатында 20-дан астам марапат, оның ішінде төрт орден, "Ерлігі үшін", "Ленинградты қорғағаны үшін", "Жапонияны жеңгені үшін", т.б. медальдары бар.
Боранбай Бекбосыновтың ерлігі туралы бірнеше кітап жазылған, ол Ленинград, Нарва және өзі туған Жаңаарқа ауданының құрметті азаматы болып табылады.
Жолдаған: Ғабит Абаилдаев
М. Оңғарова