- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Бейбіт өмір үшін...
Бейбіт өмір үшін күрескен қаһармандар
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітап аудармасынан үзінді:
Бапин Ермырза
Бапин Ермырза Павлодар облысының тумасы. Соғысты Берлинде аяқтаған. "Берлинді алғаны үшін" медалімен марапатталған. 1948 жылы демобилизацияланған.
Бейсебаев Жұмабек
Павлодар облысы, Қашыр ауданы, Қызыл Ту ауылында 1920 жылдың 20 мамырында туған. Соғыстың басында жеделдетілген офицер курсын бітіріп, кіші лейтенант шенін алған. Мәскеуді қорғап Калинин фронтында взвод командирі ретінде соғысқан. Вязьма, Ржев, Смоленск түбіндегі шайқастарға қатысып, үш рет жарақаттанған.
1944 жылдың 17 сәуірінде 338-атқыштар дивизиясының 1136-атқыштар полкінің 5-атқыштар ротасының взвод командирі Жұмабек Бейсебаев Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған. 3-Беларусь фронтының құрамында Белоруссияны азат еткен. Витебск түбінде ауыр жарақаттанып, демобилизацияланған. Екінші Қызыл Жұлдыз орденіне ұсынылғанымен, ол берілмеді.
Бекболатов Талғат Кәрімұлы
Бекболатов Талғат Кәрімұлы 1925 жылдың 15 шілдесінде туған. Алматы қаласынан 1943 жылы соғысқа шақырылған.
Соғысты Харьков түбінде 1943 жылдың тамызында бастаған. 57-әскер, 110-дивизия, 318-полк құрамында Днепрді басып өтіп, жарақат алған. Ұзақ уақыт госпитальда емделіп, Уфа жаяу әскер училищесіне жөнелтіліп, Жеңісті сол жақтан қарсы алған. Училищаны аяқтаған кезде оған кіші лейтенант атағы берілген. Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен, екі рет "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған. Соғыс аяқталған соң әскерде қалып, взвод командирінен ҚР азаматтық қорғаныс штабының оперативті бөлімі басқармасының бастығы қызметіне дейінгі жолдан өткен. 1977 жылы жасына байланысты полковник шенімен отставкаға шыққан.
Суретте: Бекболатов Талғат Кәрімұлы (оң жақта)
Р. Роза