Бақытты болашақ үшін жанын қиғандар

Бақытты болашақ үшін жанын қиғандар
Фото: szh.kz

Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.

Бакешов Қасымбай 1909 жылы туған қызылармияшы. 1942 жылы әскерге шақырылған. 1-ші гвардиялық кавалерия дивизиясы, 1-ші гвардиялық кавалерия полкінің кавалерисі. Қазақ ССР, Алматы облысы, Қаратал ауданынан әскерге шақырылған. 1943 жылы наурыздың 17-і күні Салтовский ауданы, Үлкен Бабка ауылындағы шайқаста қайтыс болды. Сол жерден 6 км қашық жерге жерленген.

2012 жылы атамызды Харьков облысы, Чугуев ауданы, Үлкен Бабка ауылынан таптық. 1948 жылы қайта жерленген екен. Атамыздың аты мәңгі есте қалады. Біздің бақытты болашағымыз үшін қанын қиған атамызды шексіз құрмет тұтамыз.

Жазған: Күлән Нұрмұхамбетова

 

Бермұхамбетов Айдар

Жеңіс отшашуы атылғанына биыл 70 жыл толды. Отанымыздың бостандығы мен тәуелсіздігі үшін басын құрбандыққа шалған боздақтарымыз жылдан-жылға азайып барады. Мені өмірде көп нәрсеге үйреткен өз атам жайлы айтқым келеді.

Оның аты-жөні Бермұхамбетов Айдар. 1924 жылы 20 желтоқсанда Қостанай облысы, Жетіөзен ауданы, Қосжалтыр ауылында туған. Бала болып ойнаған шағы аз. Ес білген кезінен жалғыз анасы мен үш бауырына нан тауып беру қамымен жүрген. 1942 жылы атам майданға алынады. Бала күнімнен есімде қалғаны, атам соғыс туралы айтуды жақтырмайтын еді, сонда да соғыс жайында әлдебір мәліметтер менің жадымда қалды. Ол алғашқы ұрысқа Ленинград қаласында 419-шы полк құрамында қатысқан. Оның айтуы бойынша, аштық пен суыққа қоса, қару жетіспейтін аса қиын кезең болған. Қолдарында қару болмаса да, қаруы бар солдаттардың тасасында жасырынып, ұрыс алаңына шығуға мәжбүр болған. Алдындағы солдатқа алда-жалда бірдеңе бола қалса, оның қаруын асынып, ары қарай жүре беруі керек.

Одан соң Сталинградтағы шайқасқа қатысып, Псков қаласында Белорусты, Литваны, Эстонияны, Польшаны азат етуге қатысқан. 311-ші атқыштар полкінің құрамында болған, одан кейін 593-ші атқыштар полкі құрамына енген. Соғыста бес рет жарақат алған. ҰОС көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін бірнеше медаль мен ордендерге ие болды. Олардың ішінде ҰОС II дәрежелі, III дәрежелі ордендері, «Қаһармандығы үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін», «Соғыстағы ерлігі үшін» деген ордендер бар. 1945 жылы қазанда елге аман оралды. 1999 жылы 8 қазанда қайтыс болды.

Жазған: Арман Бермұхамбетов

@. @assel_assanova