- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Автор "Ер есімі...
Автор "Ер есімі – ел есінде" кітабының мазмұнымен таныстырды
Бұған дейін жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шыққандығын жазған едік. Фото-кітап Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен суреттерді топтастырған.
Жоба авторы және фото-кітап жобасының жетекшісі – Қазбек Бейсебаев. Назарларыңызға автормен болған сұхбатты ұсынып отырмыз. Қазбек Бейсебаев бізге кітаптың қалай жазылғаны туралы айтып берді. Сонымен қатар, кітап мазмұнымен таныстырды.
«Еске алып отырыңдаршы». Өзімнің әкем соғысқа қатысқан. Дүйсен Иманғазин суретін әкеме жіберген. Фотоның артына «суретке қараған адам мені еске алып отырсын» деп жазған. Ресейде 2-3 жыл бұрын сайт ашылды. Онда Қызыл әскерде қанша адам, қай жерде қаза тапқаны жөнінде материалдар жариялайды. Осы сайтта Иманғазин Дүйсен 1943 жылы Киевте жарақаттанғаны жазылған. Жап-жас болып кеткен боздаққа жаным ашыды. «Еске алып отырыңдаршы» деген өтініші бар ғой деп, интернеттен, әр жерден суреттерін жинақтай бастадым. Нәтижесінде, менде үлкен коллекция жиналды. Партизандар да бар, Бауыржан Момышұлы, Хиуаз Доспанова, т.б. барлығының суреттерін жинадым. Кей суреттерді «Сталинград шайқасы» сияқты деректі фильмдерден, кинолардан алдым. Сурет жинаушы жалғыз мен болған жоқпын. Барлығы 1500 сурет жиналды.
Кітап шығару машақаты. Суреттер жиналған соң facebook әлеуметтік желісінде «Про наших аташек, воевавших в далекой войне...» деген топ ашып, осы суреттерді жариялап отырдым. Ол топтың жұмыс жасап тұрғанына 2 жыл көлемінде уақыт өтті. Кейін бір кісі «мұны кітап етіп шығарайық» деп ұсыныс жасады. Былтыр қазан айынан бастап жұмысқа кірістік. Біздің топтың мүшелері өздерінің аталары туралы мәлімет жіберді. Кітап шығаруға 60 шақты адам қатысты. Қаражат жағынан әртүрлі адам көмек көрсетті. Ресейдің аталған сайтында медальдар, ордендер не үшін берілгені туралы да ақпараттар бар. Осылардың барлығы қамтылды.
Әр адамның тағдыры – біздің Қазақстанның тарихы. Тұтқынға түскендерге сондай жаным ашыды. Сол әсермен аталардың атынан бір шумақ өлең шығардым.
Тумады менің балаларым,
Ұрпағым да қалмады.
Суретте ғана тағдырым,
Ұмытпа, мені, ұмытпа,
Қарап тұрған бауырым.
Е. Қайрахан