Ашаршылықтың қорқынышы естен кетпейді #2

Басы

Әкем лагерьге өте ауыр халде жетеді, шаршаған, әлсіреген оны эшелоннан қасындағы тұтқындар көтеріп түсіреді. Бұл кісінің бақытына қарай, концлагерьде қазақтар бар екен, оның бірі – Түлкібас ауданындағы Келте-Машат ауылының тұрғыны Әбу деген жігіт концлагерь лазаретінде (аурухана) қызмет атқарады екен, сол жігіт әкемді есебін тауып лазаретке жатқызып, емдеп, есін жиюға септігін тигізеді. Кейін де ауыр жұмыстан қалжырап, әлсірей бастаса, дереу лазаретке жатқызып әлдендіріп алады. Осы, Әбу болмаса – бұл кісінің концлагерьден тірі шығуы екіталай екен. Өзінің қызмет бабын пайдаланып, әкемді лагерьге азық-түлік таситын арбакештікке орналастырады. Лагерьдің арбасын айдап жүрген әкеме 3-4 айдан соң, бір поляктар жолығып, тапсырма береді. Олар Польша Қарсыласу Ұйымының адамдары екен. Сірә, сыртынан көп сынаса керек. Арбаның еденінің астына, тағы бір жасырын, жұқа еден істейді. Әлгі жігіттердің қаланың орталық қоймасындағы адамдары киім-кешек, азық-түлік салып беріп тұрады. Қала мен лагерьдің арасы 15-20 шақырым жер. Орман арасында, әлгі жасырын тауарды поляк партизандары өздері түсіріп алады екен. Әкем лагерь азабын әбден тартады. Темір тордың арғы жағында автоматпен қаруланған күзетшілердің тепкісі мен немістің овчарка иттерінің талауына түскен аш-жалаңаш, жаралы, жазықсыз адамдар қорлық пен азаптың небір құйтырқы әдістерін көреді. Лагерьдің қақ ортасында, тұтқындардың үрейін ұшырып, адам өртейтін пеш орнатылған ғимараттың мұржасынан күні-түні түтін будақтап шығып тұратын-ды. Күніне азаптан, аштықтан және жарадан жүздеген адам өледі. Арнайы жасақталған тұтқындар тобы оларды сол пешке апарып тастайды. Лагерьдегілердің бәрі педикулез (битшеңдік) ауруына шалдығады. Тіпті, адамдардың сақал-мұрт, қастарына дейін биттеп кетеді. 1944 жылы жаздың бір түнінде немістер асығыс-үсігіс лагерьді тастап батысқа қашып кетеді. Енді соры қалың әкем 6 ай (Поляк Қарсыласу Қозғалысынан анықтама келгенше) НКВД тергеушілерінің таяғын жейді. Ақталған соң, бір жауды өлтірмей ауылға қайтуға ұялып, Шығыс майданға өтініш береді. Өтініші қабылданып, жапон соғысына бара жатқан жолда Барнаул қаласына жеткен кезде «Жапония толық тізе бүкті» деген хабар жетіп, әкем әскерден босайды. Көрер жарығы бар екен, 1945 жылы күзде аман-есен қайтады, бірақ біраз жыл НКВД-ның бақылауында болады. Әкеме (тіпті бізге де) ең қиыны соғыстан орден-медаль алып қайтқан кейбір ағайындардың арақ ішіп алып «сен пленде болғансың, яғни сатқынсың» деген сөздері еді. Өмірінің соңына дейін (1980 ж. 11 мамырда қайтыс болды) әкем осындайлармен төбелесіп өтті, ал мені мектептегі «майдангер» директор ағайымыз болмашы балалықтарым үшін «мынаның әкесі пленде болған» деп көзге шұқитын...

Соғыстан кейін өмірінің соңына дейін колхоздың түрлі жұмыстарын атқарды. Жылқы да бақты, жүгері де екті. Неге екені белгісіз, тұтқындағы өмірі туралы естеліктерін көп айтатын әкем, бала кезінде басынан кешкен аштық туралы жұмған аузын ашпайтын. Кейбір сәттерде ғана, бір ашаршылықты басынан кешкен адамның бойынан аштықтың қорқынышы өмір бойы кетпейтінін айтып қалатын. Тек, біздің өңірде 1975 жылы болған қатты құрғақшылық кезінде қоржын тамның бір бөлмесін «ақ-қара» деп талғамай ұнға және түрлі жармаларға, үйдің екінші бір қабырғасының сыртынан кірпіштен қамба қалап, ішіне бидай толтырғаны есімде! Асыл әкем 1980 жылы 10 мамыр күні дүниеден өтті. Аллаға шүкір, әкем Шыныбек пен анам Ұлдықыздан 4 ұл, 3 қыз және 60-қа жуық немере-шөбере бар.

Ұқсас жазбалар:

9 мамыр. Елім деп өткен есіл ерлер

Ер есімі – ел есінде: Отан үшін от кешкендер