Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітапқа Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, тарихшы Өмір Шыныбекұлы Шымкент қаласынан жолдаған ақпаратты назарларыңызға ұсынамыз.
Етекбаев Шыныбек қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысы Төле би ауданында 1911 жылы ауқатты орта шаруа отбасында туған менің әкем Шыныбек 1917-20 жылдардағы аласапыраннан (әкесін «ақтар» не «қызылдар» өлтіріп кетеді) аман шығады.Жетім қалған әкемді әкесінің інісі Еркебай қолына алады. 1924 жылы белсенділер Еркебайдың атқорасын «ликбез» үшін тартып алады, атай белгісіз жаққа қашып кетіп, әкем енді тұл жетімге айналады. Еркебайдың өз кіндігінен балалары жоқ екен. Үй-жай, мал-жаннан айрылған атайдың әйелі жынданып кетеді. 1932 жылы менің әкем «Оңтүстік» ауылында біреудің қорасында аштан өлуге айналып, ісіп-кеуіп, естері кіресілі-шығасылы болып, өмір мен өлімнің арасында жатады. Сол кезде облыс орталығынан қайырымды адамдар басын бәйгеге тігіп жіберген астықтан үй-үйді аралап, таратып жүрген Қонақбай (атақты боксшы Серік Қонақбаевтың атасы) келіп, аузына шалап тамызып, талқан беріп бастарын сүйейді. Қонақбай көмектесу үшін өзінің бір ағайын інісін ертіп жүр екен. Қонақбай әлгіге «Мыналарды тамақтандыр», - деп бұйырады. Әлгі інісі «Бұлар тамақ берсең де өледі, бермесең де өледі, бидайды босқа құртпай-ақ қояйық!»- деп ағасына қарсылық білдіреді. Сонда Қонақбай әлгіге кейіп: «Не оттап тұрсың? Аш өле ме, тоқ өле ме, оны бір Жаратқан біледі!» – деп Шыныбекті өз қолымен тамақтандырады. Міне, осы кісінің арқасында әкем тірі қалған екен. 1942 жылдың басында әкем 88-атқыштар полкінің құрамында майданға аттанады (Оңтүстік Қазақстан облысының бұрынғы Георгиев ауданында (қазіргі Төлеби) жасақталған полк қандай дивизияның құрамында болғаны бізге белгісіз). Ол кісі Дондағы Ростов облысында соғысқа кірген. Құрамында менің әкем болған әскери бөлімшені (рота немесе взвод) бір төбені қорғауға қалдырады. Бұлар неміс әскерлерін бірнеше апта күтеді, ал фашистер жоқ, шамасы, бұлар қорғаған биіктіктің немістер үшін стратегиялық маңызы шамалы болса керек, немістер ол биіктікті айналып өтіп кетеді. Оны олар кеш біледі. Азық-түліктері таусылған, нашар қаруланған, 2 адамға ескі үлгідегі бір винтовка, олар шығысқа қарай жылжиды. Бірақ өте алмайды. Сонымен не керек, бөлім командирі, қатарларында азиат өңдес жауынгерлер барда жергілікті халық арасына сіңіп кетуі қиын екенін түсінсе керек, ол жауынгерлерді бес-алты адамнан бірнеше топқа бөледі, өзбегі, қырғызы, қазағы аралас 6 адам бір топқа түседі. (Бұл атақты «Харьков қазандығы» (Харьковский котел) еді). Бірақ айналаның бәрі неміс, олар көп ұзамай, Украинадағы Нижний Айдар өзені жағасында, 1942 жылдың 12 шілдесінде жау қолына, тұтқынға түсіп қалады. Қолға түскен сәтте-ақ неміс солдаттары автоматтың дүмімен аузындағы барлық тістерін қағып алады. Оларды немістер алдымен Кировоград қаласындағы «Сталаг-305» концлагеріне қамайды. 1942 жылдың 16 желтоқсанында Польшадағы Жоғарғы Силезиядағы Ламсдорф (қазіргі атауы – Ламбиновице (Lambinowice), Польша.) қаласындағы , «Сталаг-318 (VIII F)» концлагеріне жеткізеді. (ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті ОҚО Департаменті 03.08.2009 ж. берген анықтама).
Жалғасы бар...
Ұқсас жазбалар:
Саласпилс еңбек лагері туралы
9 мамыр. Собибор өлім лагері туралы білесіз бе?