«9М» жобасының аясында Ұлы Отан Соғысы ардагерлеріне және еңбек майданының қатысушыларына сауықтыру шипажайында демалуға 15 жолдама берілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Аталған іс-шара «Болашақ» қауыымдастық қорымен «Алматы – Resort» емдік шипажайының Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Денсаулық сақтау орталығымен ұйымдасқан ең алғашқы шара болып отыр. Бұл шипажай тәжірибесіндегі алғашқы іс-шара емес, 2014 жылы «Нұр Отан» партиясының қолдауымен он үш ардагер шипажайдағы емдеу курстарынан өткен болатын.
Осы жылы да Алматы қаласындағы 15 Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен еңбек майданының қатысушылары жолдамаға ие болды.
Ардагерлер сөзіне қарасақ, бұл - Жеңіс күні қарсаңындағы ең керемет әрі пайдалы сыйлықтардың бірі. Себебі олар мереке барысында түрлі шерулерді жүріп өтеді, мұндай кезде жасы келген адамға денені физикалық тұрғыдан шынықтыру керек болады екен. «Алматы» шипажайының басшысы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Қанат Төсекбаев өз кезегінде ардагерлерге алғыс айта отырып, бұл жоба осымен тоқтамайтындығын, осы жылы сондай-ақ ардагерлерге кепілденген реабилитациялық көмек беретін жоғары дәрежелі дәрігерлер емдейтін жолдама берілетінін сүйіншілеп айтып кетті.
ҰОС ардагерлері, солдан оңға қарай: Боранқұлов Сейітқасым, Сейітов Зұлқарнай Сейітұлы, Ролдугин Иван Иванұлы, Колесников Александр Егорұлы, Жукова Ольга Константиновна
Қанат Төсекбаев сонымен қатар ардагерлеріміздің денсаулығы мен жасын ескеріп үздіксіз бақылап отыру керектігін ескертіп, алдағы уақытта осындай іс-шараларға еліміздегі басқа да сауықтыру орталықтары атсалысады деген үмітін жасырмады.
2012 жылы жасалған «9М» - мемлекеттік «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен «Болашақ» қауымдастығының Алматыдағы филиалмен бірлесе отырып жасалған жоба. Жоба жастардың ҰОС ардагерлерінің көңілін аулап, оларда туындаған үй тұрмысында кездесетін қарапайым мәселелерді шешуге көмектесуге үндейді. Әр жыл сайын осы жобаның аясында материалдық, медициналық тұрғыдан мұқтаж, жалғызбасты ардагерлерге қажетті көмектер көрсетіліп тұрады.
"9М" жобасына «Болашақ» бағдарламасының түлектері мен жүрегі мейірімге толы жастар әрдайым демеушілік жасап отырады.
Сурет: Болашақ қауымдастығы