Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітап аудармасынан үзінді:
Тотанов Сатыбалды Құрманұлы
Мен 1925 жылы Ақмола облысы, Атбасар қаласында, Астанадан 200-300 шақырым жерде тудым. Екі жасымда анам, үш жасымда әкем өмірден өтіп, шиіттей жас кезімнен жетім қалдым. Анам сегіз құрсақ көтерген, бірақ бәрі жасқа толмай жатып шетінеп кетті, мен ғана тірі қалдым. Ауылда әкемнің ағасы бізбен бірге тұрды. Әкемнің үлкен ағасының Тотан деген ұлы болды. Ол мен өмірге келерден бес жыл бұрын үйленген екен, бірақ балалы болмады. Сондықтан әкем қайтыс болған соң мені асырап алған. Мен Тотанов деген текті осылай иемдендім, ал алғашқы немереме мені тәрбиелеген апамның есімін бердім.
1942 жылы маусым айында, 17 жасымда, колхоз жастары мектебінің оныншы сыныбын бітіріп, әскерге шақытру алдым. Шынын айтқанда, соғыс басталған жылдары оқудың аса маңызы болмады, бізді колхоз жұмысына салды – егін жинадық, пішен дайындадық. Сол себепті мен мектеп бітірген жылы, тіпті, аттестат та берген жоқ. Жай ғана осы мектепте оқып, 10-сынып бітіргеніміз жөнінде анықтама берді.
1943 жылы қаңтар айында бізді Астанадан Қырғызстан астанасына жөнелтті, ол кезде қырғыз астанасы Фрунзе деп аталатын еді, Атбасардан шақырылған тұтас эшелонды жаяу әскер әскери учлищесіне алды. Ол жерде бізден басқа Қазақстанның өзге облыстарынан келген балалар, Омск, Новосибирск облыстарынан келген адамдар болды. Училище орта мектеп негізінде құрылды, оған көбіне жастар жағы қабылдланып, курсанттар жасақталды. 17-18 жастағы жастар көпшілігі орта білімі бар еді.
Мен училищенің пулеметті батальонына түстім. Біз «максим» станокты пулеметін қолдануды игердік. Онда бір станок 32 келі тартатын еді, ал менің өз салмағым 40-45 кг болды. Осы өзіміздің жарты салмағымыздан да көп тартатын станокты иығымызға артып аламыз да, тасимыз. Бәріміз жүгіреміз. Бұл үйрету ғана емес, бізге әдейі жасалған қастандық болды... Жүгіресің, құлайсың, командир келгенше жатасың, демаласың. Командир келеді де: "Жетер, демалдың, тұр", - дейді, тұрасың да тағы жүгіресің. Училищеде оқу өте ауыр болды. Бізді жақсы тамақтандырды, киіміміз көк, қарнымыз тоқ болды, бірақ физикалық тұрғыдан қинады.
Бізге осылай тоғыз ай міндет жүктеді, офицер болуға дайындалдық, бірақ дайындалуға мұрша бермеді. 1943 жылдың аяғына таман бәрімізді эшелонге тиеді де, Мәскеу түбіне аттандырды. Щелков қаласына келдік. Мен 13-ші әуелік-десанттық бриагадаға түстім. Үстімізде солдаттық киім, гимнастерка, шалбар, шинель – Мәскеудің қысын осы түрімізбен өткіздік, басымызда бас киіміз болғанына да шүкір. Мәскеуде қазан айынан бастап суық түседі, ал біз бүкіл қыс бойы осындай жеңіл киіммен жаяу жүрдік. Түнде орманда, от жанында ұйықтаймыз. Осындай аса ауыр күндер өтті. Бірақ жеңіл киім мен суық ауа райына қарамастан, ешкім ауырмайтын еді. Әжептәуір жақсы тамақтандырды – күніне 60 грамм нан, 20 грамм секер, 20 грамм май, ботқа, щи, аштан өлетін күн жоқ.
Мамыр айында парашютпен секіруді үйрендік. Алдымен нұсқаушы парашютті байлауды үйретті, содан соң мінбеден секіре бастадық, одан кейін ұшақтан секірдік. Взвод кішкене ұшаққа отырғызылып, 800-900 метр биіктікке көтерілдік.
Алғаш секіргенімді ешқашан ұмытпаспын... Қорқасың, бірақ, басқа не істейсің, амал жоқ, бұйрық! Кейбіреулер айқайлайды, бірақ бәрібір командир ұшақтан итеріп жібереді. Негізінде бәрі парашютті қалай байлағанға байланысты. Парашютті дұрыс байламаған болса керек, кейбіреулері домалап құлады. Ал нұсқаушы оны елеп жатқан жоқ. Секіруге әр барған сайын бір-бір адам ажал құшатын. Әйтеуір, біздің взводта ондай болған жоқ. Біздің взвод командирі, лейтенант Виноградов өте қатал қарады. Әрбір парашютшіні жеке-жеке қарап, тексеретін. «Жігіттер, абайлаңдар, егер дұрыс байламасаңдар, қаза боласыңдар, ол үшін мен жауап беретін боламын», - деп айта беруші еді...
Жалғасы бар...