- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- Ардагерлер сөйлейді: Әкіжанов...
Ардагерлер сөйлейді: Әкіжанов Байзулла #3
Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында "Ер есімі – ел есінде" (Мы помним, мы гордимся) атты фото-кітап жарыққа шықты. Фото-кітапқа Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің ұрпақтары жолдаған деректер мен фотосуреттер топтастырылған. Құрастырушы-автор: Қазбек Бейсебаев.
Кітап аудармасынан үзінді:
Әкіжанов Байзулла Әкіжанұлы
Училещені тамамдаған соң, мені ЗАП-қа жіберді. Мұнда Ил ұшақтарының әскери қасиеттерімен таныстық, ату, бомбалау әдістерін үйрендік. Нұсқаушымыз Калнин болатын, бір ретте алаңға шықтық, ол – алдымызда, артында тырналар секілді біp келеміз. Бір кезде Калнин: «Менің моторымда ақау бар секілді. Әкіжанов команданы саған тапсырдым» демесі бар ма? Қорқып кеттім, «мен қалай алып жүремін?» деп састым. Өз-өзіме келіп: «Мен Әкіжанов, команданы өзіме алдым, пәленше бақылаушы, ал біз маршрут бойынша ұшамыз» деп, заңдылықтарды бұлжытпай орындап шықтым. Бір кезде басқа нұсқаушы бәрі ойдағыдай деп белгі берді.
Сөйтсем, мені сынаған екен. Олардың мені нұсқаушы еткісі келгенін түсіндім, бұл сыннан өткеніме қуандым. Кейін командир менімен бірге ұшып көрді, тексерді. Өзіне шақырып алып: «Нұсқаушы болғың келе ме?» деп сұрады. Мен: «Менің орысшам нашар, менен қандай нұсқаушы шығар дейсіз?» дедім. «Ойлан, басқалар бұл орынға таласып жүр» деп еді, мен бас тарттым.
Содан біздің полкке капитан Градев келді де, бізді майданға алып кетті. Градев алдымда ұшып келе жатты. Ал мен тізбектің соңын тұйықтап ұшып келемін. Бір кезде Градев «Моторым істен шықты. Әкіжанов басқаруды өзің ал» деді. Мен «Түсіндім» дедім. Басқаруды қабылдадым, ұшып келеміз. Градев «Әркім өз орнына барсын» деді. Бұйрықты орындадық. Ауа райы бұзыла бастады, ал біз бұлтты аспанда ұшып көрмегенбіз. Бұлт бізді қысып жатты. Кенет ешқандай бұйрықсыз тізбек солға бұрылды. Бұрыла бергенім сол еді, бүйірден келіп бір ұшақ соқтығысты. Бірақ, сыр бермедім. Ұшақ та сау. Ары қарай ұша бердік. Ұшақ іші қараңғы болып кетті, біз кезде күннің көзі шайдай ашылды, бұлттың арасынан шықтық.
Бәрі жан-жақта ұшып жүр. Менің атқышым да жоқ, «Ендігі бағыт қай жаққа?» десем, жауап жоқ. Бұрынғы бағытпен бұлттардың арасынан өттім, уақытты белгіледім. Сол уақытта алдымнан екі «мырза» шыға келді. Олардан қашып ұшып келем, әлдебір Ил-2 көрдім, тағы біреуін көрдім, аэродромды көзім шалды. Қуаныштан жарылардай болып, нұсқаулықты бұзып, аэродромға келдім. Капитан алдынан шықты да ұрыса жөнелді. Мен «Соғысқа барамын» деп әлекпін, ол «Сендейлер көп келген біздің алдымызға! Дереу гауптвахтаға!» деді ашумен. Гаупвахтаға келсем, генерал тұр екен, «Баянда!» деді.
«Мен, кіші лейтенант Әкіжанов, аяқ астынан жерге қондым. Мен соғысқа барамын» дедім. Ары қарай болған жайтты түсіндіріп жатсам, генерал: «Ил-2-ге қайта жіберіңдер!» деді. «Жоқ! Мен соғысқа баруым керек, мен ұшаққа, парашютке...» дей беріп едім, ол «Әскерде «жоқ» деген сөз жоқ, «бар» деген сөз бар». Мен әскер басқарушысы генерал-лейтенант Красовскиймін, ал сіз менің әуе әскеріме келдіңіз. Барыңыз, тамақтаныңыз да Ил-2-ге мініп, ұшақтардың артынан тылға барыңыз» деді. Асханаға келдім, өзім секілді ұшқыштар, бірақ соғыс тактикасын біледі. Олармен бірге тамақтанып, штабта таныстым, кейін Ил-2-ге мініп, тылға тарттым. Ол жақта мені қабылдап, Ил-2-ге отырғызда да, соғысқа жіберді. Одан қайтып тылға келдім. Осылай екі арада ұшақпен жүрдім. Соғыс алаңында шабуыл жасап жүрген бір жауынгерде «Мен майданың қақ ортасына шығуым керек. Соғыс жақында аяқталады, ал мен болсам, әрі-бері жүрмін» деп едім, ол «Жетер енді, сен секілділер көп болды, қаншасы қаза тапқанын білсең?!» деді.
Соңында мені 94-полкке жіберді. Полк командирі маған қарап, «Бізде спаркалар (ұшақтың бір түрі) жоқ, ал біз сенің қалай ұшатыныңды тексеруіміз керек» деді, «Жақсы ұшамын» деп едім, жаңағы ұшқыш секілді «Сен секілділер көп болды, ұшақты сындырудан басқаны білмейді» деді.
Бір ай бойы тексерісті күттім, тек бір айдан кейін 95-полкке жіберді. Полк командирі Петр Федотович Федотов маған қарап: «Власов, мынаны және онымен келгендерді алып, спаркаға отырғызып, тексер» деді. Мен спаркамен көп ұшпағанмын. Власов маған сұрақ қойды:
– Тегің қандай?
– Әкіжанов.
– Қай ұлтсың?
– Қазақ
– Казак?
– Жоқ, қазақ!
– Бәрі бір орыс емессің ғой, - деді.
Власов 6-7 сыныптық білімі бар ұшқыш болатын, бірақ оның ұшқыштық қабілеті мықты еді, бәріне ғайбаттап сөйлейтін, жөкіп ұрысатын. 1945 жылы соғыстың соңында мен оның тобында ұшатын болдым.
Екінші рет тыңшы ретінде ұштым. Лавренов бастап ашатын болды. Ұшқанымыз сол еді, «мырзалар» атқыштай бастады. Біз жан-жаққа кете бастадық. Мен бірде оңға, бірде солға қарай бұрыламын. Алдыма қарасам – бастап келе жатқан Лавренов жоқ. Не істеймін? Неміс шекарасына кіріп, кері қайттым. Нейсе өзеніне шығып, бағытымды дұрыстап, аэродромға қайтып келдім. Жерге қонып, комэсктің қолына түстім. Ол жекіп «Бастаушыларың қайда?» деді. Мен болған жағдайды баяндап бердім де, «Неге маған ұрсасыз? Өзіңіз менің орныма ұшып көріңіз. Тәжірибесіз мені неге жібересіз?» деп едім, «Қап, сені ме? Бәлем!» деді. Сол кезде командир де келді. Ол менен сұрап жатыр. Мен олардың қайда екенін білмейтінімді, шекараға кіріп, суретке түсіргенімді айтым. Ол «Жарайды, тынығыңдар. Бүгін ешкім ешқайда ұшпайды» деді.
Кешке қарай «Лавренов пен оның атқышы Шапаваленко аман» деген хабар келді. Олардың неміс атқыштары алдыңғы тібекті атқан екен. Олар жерге қонып, бір күннен кейін қайтып келген. Сол кезде Лавренов «Кацо болмаса, бәрі құритын еді» депті, ол айтып отырған Кацо – менің лақап атым.
Жалғасы бар...
Г. Берік