Ұлы Отан соғысы майданындағы ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен сарбаздардың талайы әртүрлі мемлекеттік марапаттарға ұсынылған. Әрқилы себептермен мұндай марапаттардың кезінде иелеріне тапсырылмай қалған кездері де аз емес. Алматы қаласында тұратын Тілеубала Қожахметованың осындай оқиғалардың бірі жөнінде сыр шерткен хаты «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды, – деп жазады inform.kz.
«Біздің әкеміз Кәкімбай Сүлейменұлы Қожахметов 1922 жылы Қапал ауданының Қоңыр ауылында дүниеге келген. Қызыл армия қатарына 1942 жылы Қапал аудандық әскери комиссариаты арқылы шақырылған. Әуелі 11-гвардиялық танк корпусының рота командирі ретінде талай шайқасқа түсіп, Украинаның Ахтырка қаласының маңындағы ұрыста оң иығынан ауыр жараланады. Емделіп шыққаннан кейін сол корпустың десант ротасының командирі ретінде соғыс жолын жалғастырады, - деп жазады Т.Қожахметова өзінің хатында. - 1944 жылы Батыс Украинаны фашист басқыншыларынан азат ету ұрыстарына қатысып, 1945 жылы қаңтарда Германия жерінде ауыр жарақат алады. Ал мамыр айындағы жеңісті Грозный қаласындағы госпитальда қарсы алады. Қан майдандағы ерліктері үшін Қызыл Жұлдыз орденімен және бірнеше медальмен наградталған.
Менің ендігі айтпағым, әкеміз Кәкімбай Қожахметов Украинаның Ахтырка қаласының маңындағы шайқаста ауыр жараланып, сол ұрыста көрсеткен ерлігі үшін II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне ұсынылған. Бұл жөнінде Жоғарғы Кеңестің наградтау туралы Жарлығының табылғанын айтқым келіп отыр.
2012 жылы әкеміз дүниеден өтіп, көңіліміз құлазып жүрген күндері Ресей үкіметінің Ұлы Отан соғысының мұрағатта сақтаулы жатқан құжаттарын «Подвиг народа» сайтына жариялауды ұйымдастырғанын естіп, әкеміздің жеке деректерін тердік. Сол кезде 1943 жылдың 3 қыркүйегіндегі КСРО Жоғарғы Кеңесінің құпия бұйрығы шыға келді.
Сарғайған, кітапқа тігілген іздері бар бір парақ қағаздағы тізімде әкеміздің аты-жөні, ал ендігі парақта награда қағазы, әкеміздің қандай ерлігі үшін II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталғаны айтылған. Марапат парағын толтырған гвардия майоры, 1-батальон командирі Мурзин қол қойған. Марапат парағында жаудың танктері біздің жауынгерлердің шабуылын тойтарып, тоқтатып тұрған кезде лейтенант Қожахметов танкке еңбектеп, жақындап барып, гранатамен дәл ұрып, жау танкісін өртеп, өзі ауыр жарақат алып госпитальға жіберілгені жазылған. Осы ерлігі үшін II дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденіне ұсынылған.
Осы деректерді оқығаннан кейінгі кеудені кернеген өкініш, сағыныш, мақтаныш сезімдерін айтып жеткізу қиын еді. Әрине, өкініш сезімі басымдау болды. Қайран әке, өзіңіз барда осыны білсеңіз қандай марқайып қалушы едіңіз...»
сурет: nnm.me