- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Собибор...
9 мамыр. Собибор өлім лагері туралы білесіз бе?
Неміс ұлтшылдары соғыс жылдары 250 мыңнан астам еврейдің көзін жойған Собибор лагерін қазіргі Польша аумағында құрады. Нақтырақ айтсақ, 1942 жылдың 15 мамырынан 1943 жылдың 15 қазанына дейін жұмыс істейді. Оның жойылуына лагерь ішіндегі көтерілістердің бірі түрткі болған. Айта кетсек, лагерьде тұтқын болған Александр Печерский есімді кеңес офицерінің бастауымен ұйымдастырылған көтеріліс лагерьдің тұрақты жұмысын тоқтатады.
Немістердің «Рейнхард» операциясы негізінде құрылған Собибор лагері Польшаның оңтүстік-шығысында орналасқан еді. Лагерьдің атауы ең жақын ауылдың Собибор аталуына қатысты қойылады. Соғыс кезінде Литва, Нидерланды, Франция, Чехословакия және КСРО елдерінен тұтқындалған еврейлер осы лагерьге жеткізіледі.
Қолға түскен тұтқындардың көп бөлігін лагерьге жеткен соң, газбен улап өлтіретін болған. Ал қолында күші бар еврейлерді лагерьдің қатаң тәртіптегі жұмыстарына салған. Осындай ұлтшылдық тәртіппен бір жарым жылда 250 мың тұтқын өмірден озады.
Лагерьдің қатаңдығына төзе алмаған еврейлер бірнеше рет қашуға тырысады. Лагерь тарихында тек бір ғана тұтқынның қашып шығуы орын алған. Ол тауар артылған вагонға жасырынып, Хелм қаласына дейін жетеді. Сосын лагерьдің қатаң тәртібі мен адам өлімі туралы ақпарат тарап кетеді. Собиборға жөнелтілген еврейлердің соңғы тобы лагерьге жеткенше қарсыласуды тоқтатпайды екен. Собибор азабын көргенше өлуді таңдағандар да көп болған деседі.
Соғыстан кейін Польша үкіметі лагерь орнында мемориал ашады. Адам қолымен салынған тозақтың орны талайдың қасіретіне айналған еді. Собибордағы көтерілістің 50 жылдығына орай, ел президенті Лех Валенса еврей халқына тарихтың қанды өткелін ескеріп, қайғырып көңіл айтады.
1962-1965 жылдары Киев және Краснодар қалаларында лагерьдің бұрынғы күзетшілеріне қатысты сот процестері өтеді. Нәтижесінде 13 күзетші өлім жазасына кесіледі. Ал 2011 жылдың 11 мамырында мюнхендік сот Собибордың бұрынғы күзетшісі Иван Демьянюкті бес жыл бас бостандығынан айырады.
Айта кетсек, бүгінге дейін Собибор көтерілісіне қатысқан тұтқындардың үшеуі ғана тірі қалған.
Ж. Өрісбай