- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Нағашы...
9 мамыр. Нағашы атамның соғыс жайлы естеліктері
Нағашы атам Гайсин Займолла 1923 жылы қыркүйек айында дүниеге келген екен. Жастайынан анасына қолқанат болып, өзінен кейінгі іні, бауырларына қамқоршы болған.
Өзінің жазып қалдырған естеліктерінде былай дейді:
"1939-1941 ж.ж. бұрынғы Гурьев (Атырау) облысы, Теңіз ауданы, Дыңғызыл советінде Ворошилов колхозында сиыр бақтық. Осылай жүргенімізде 1941 жылы 22 маусымда соғыс басталды. 1942 ж. сәуір айында РВК-шақыртып, біз повесткамен ауданға келдік. Он күндік тамақ пен заттарымызды даярлап, хабар күту керектігін айтып, ауылға қайтарды. Біз келсек, ауылды ішкі бойға көшіруге хабар келіпті. Ауылды малмен қоса Мыңтөбенің етегіне, Бұйра құмның бергі алдына көшіріп келе жатқанымызда, колхоз басқармасы алдымыздан шығып, шақырту қағазын (повестка) қолымызға тапсырды. Сол жерден үй-ішімен, ел-жұртпен қоштасып, ауданға кеттік. Райвоенкоматқа 30.04.42 ж. келіп, мағлұмат болып, 01.05.42 ж. 19 бен 42 жас аралығындағы 80 адам соғысқа аттандық. Менімен бірге шақырылған ағам Гайсин Жамалиден мен немере ағам Жүгініс екеуі басқа командамен кетті. Котяевке келіп, сол жерден мотормен Астраханға жеткізді. Астраханнан жүк вагонымен әкеліп, Воронеж, Чкалов қалаларында дайындықтан өттік. 1942 ж. 19.06 айда бізді Харьков бағытына жөнелтті. Бізді 24.06.42 ж. таңда Черноенко деген бекеттен түсірді. Келсек, совет армиясы шегіне отырып, соғысып жатыр екен. Сол жерден біз де қан майданға кірісіп кеттік. Соғыса отырып, Саратовтың оңтүстік жағы Волга бойына жеттік. Оның арасында тағы 4 күн шынықтық.
2.08.42 ж. тағы соғысқа кірдік, осы кезде неміс басқыншылары Сталинград қаласына басып кіріп, қаланы бомбалап тастаған екен. Сол жерде қантөгіс соғыс болды. Біздің қорғаныс күшті еді. Тың күш келгенше сол жерде біздің армия немістерге тойтарыс беріп тұрды.
Кейін басқа бөлімшеге қосылып, №2-ші Украина фронты №56 дивизияда болдым. Дон өзенінен ағаш бұтақтарынан сал жасап түнде өттік. Немістер жарықтарын түсіріп, үстімізден оқ жаудырып жатыр. Көп адам оққа ұшты. Аман өткеніміз Доннан 27 км жерде 16.08.42 ж. қорғаныс ұстап, осы жерде 7 күн, 7 түн бел жазбастан соғыстық. Біз жақтан көп шығын болды. Біз осы қорғаныста 1942 жылдың 18 қарашасына дейін болдық. Осы кеште бізге түнде хабарландыру келді, Мәскеу уақытымен 19 қараша сағат 5-те қарсы шабуыл болатынын жариялады".
Осындай кезекті шабуылдың бірінде атама сол жақ қолына оқ тиіп, иықтан төмен сүйегін пәршелеп тастаған екен. Соғыс саябырсыған кезде жаралыларды санитар әйелдер жүріп жинайды екен.
"Жараланып, есімнен танып жатқанда бір орыстың санитар қызы көріп, шенелге салып госпитальға жеткізген екен. Есімді жиып оянсам, сол жақ иығым ауыр тартып жатыр екен. Қарасам, сол қолымды кесіп тастаған", - дейді.
Осыдан кейін 4-5 ай госпитальда емделіп ауылға қайтып келіп, тыл жұмыстарына белсене араласқан. 1944 жылы отбасын құрып 2 ұл, 4 қыз өсірген. Қазір 2 ұл мен, 4 қызынан – 11 немере, 5 шөбере, 15 жиен, 7 жиеншар өсіп-өніп жатырмыз. Осындай ерлікпен жауға қарсы оқ атқан әрбір адамды батыр деп есептеймін. Осындай атамның болғанын мақтан етемін. Ол кісі туралы тағы бір айта кететін жайт, бұл нағашы атамның бойындағы қасиеті. Анамның айтуы бойынша, сынықшылық қасиеті болған екен. Буындары шыққан, сынған адамдарды үш саусағымен сипап сынған, шыққан жерлерін орнына келтіріп 3-7 күнге, сынығы күрделі болса 9-11 күнге таңып жібереді екен. Осылай адамдар көптеп келеді екен. Көзін көрген адамдар "қолы шипалы еді" деп айтып жүреді. Осылай елге сыйлы, құрметті, еңбекқор, тіке сөйлейтін, өткір, екі қолының күші бір қолына түскен қайратты адам болған. Осылай еңбек ете жүріп, зейнетке шығып, 1998 жылы 24 маусымда дүниеден өтеді. Мен - Займолла атамның жиенімін. Ол кісі өмірден өткеннен кейін дүниеге келсем де, жеңістің 70 жылдығы қарсаңында атамның өмір деректерін жинастырып жариялауды өзімнің парызым деп білемін.
Жолдаған: Гайсин Займолла батырдың жиені Әдила Сұлтан-Махмудова
Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Жыланды селосы, Д.Нұрпейісова атындағы мектебінің 6-сынып оқушысы
Сурет: жеке архив, pixanews.com
Ф. Абилова