Аз емес зар жылаған, егілген жан,
Аз емес өшкен өмір төгілген қан.
Кеудеге зілді қасірет салды соғыс,
Қирады талай арман көңілге алған.
(М. Темірұлы)
Ұлы Жеңіс! Жеңіс бізге өздігінен келген жоқ. Ол бізге елім деп соққан ерлердің, бесіктен белі шықпаған 17-18 жастар аралығындағы майданға қару асынып кеткен жастардың батылдығының арқасында келді.
1941 жылы Кеңестік Соцалистік Республикалар Одағы тізеден қан кешті. Тұтқиылдан фашистік Германия шабуыл жасаған алғашқы күннен бастап-ақ еліміз жұдырықтай жұмылып, сүбелі жетістіктерге қол жеткізді. Отанымызды қорғау үшін ер-азаматтар әскерге шақыртылды. Әскерге шақыртылғандардың ішінде менің атам - Сапарғали Муханбеталин бар еді. Атам елі үшін ұрпағының ғұмыры үшін ерлікпен шайқасқан жандардың бірі.
Туған жеріне оралғаннан кейін атам бірталай қызметтерді атқарған. Сонымен қатар шаңырақ көтеріп, менің әжем Батима Ерғалиқызымен балалы-шағалы болады. 12 бала тәрбиелеп, ұлдары мен қыздарын адалдыққа, еңбекке, өмірге деген құштарлыққа үйретті. Атамның достары көп болған. Олардың көбі орыстар. «Сергей» деп, атамды іздеп, сәлем беруге келушілердің қарасы көп болған деп әжем жиі айтып отырады. Бұқара халықтың ортасында сыйлы, еңбексүйгіш атам уақытты бос өткізбейтін. Жылқы малын ерекше жақсы көретін.
Соғыста көрсеткен ерең ерлігі үшін атам І дәрежелі «Отечественная Война» орденімен, Кеңес Одағының Маршалы Г.К Жуков медалімен, «Ұлы Отан соғысына 20 жыл» мерекелік медалімен, «Ұлы Отан соғысына 40 жыл» мерекелік медалімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің елу жылдығы» мерекелік медалімен марапатталған. Өкінішке орай, соғыс уақытында еншіліген медальдарын мен ордендерін жоғалтып алған.
Мен атамды көрген жоқпын. Атамның дүниеден озғанына биыл 18 жыл толды. Атамның жоқтығы мен үшін жиі сезіліп тұрады. Ауылға барған сайын ескі альбомды ақтарып, атамның суреттеріне қарап, патриоттық сезімнің ұшқыны ұялайды. Атамның суреттері мен үшін алтыннан да қымбат қазына. Әжемнің көзінің қарашығындай сандығында сақталған атамның медальдары мен ордендеріне қарап, төбем көкке жетердей ерекше бір мақтаныш сезіміне бөленемін.
Ешкім де, ешқашан да ұмтылмайды.
Ақмола облысы, Зеренді ауданы, М.Ғабдуллин ауылы
Пухальск негізгі мектебінің 9 «А» сынып оқушысы
Сапарова Назым
Сурет: kaz.tengrinews.kz