- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Майдангер...
9 мамыр. Майдангер атамды мақтан етемін
1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысының аяқталғанына 70 жыл болса да оның зардабы бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Мысалы, мен өз атамды көрген жоқпын. Ол да осы соғыстың тауқыметі деп есептеймін. Атамды көрмегеніме жүрегім ауырады, осындай нұрлы өмір сүріп жатқанымызға атамның үлкен үлес қосқанын мақтан тұтамын.
Мен атам туралы әжем мен әкемнің әңгімелерінен естідім. Сонымен бірге ауданымыздан шығарылған «От кешкендер» және Қазақстан Республикасы Ардагерлер мекемелерінің Орталық Кеңесі шығарған «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» кітаптарынан оқып таныстым. Атамның есімі аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне ашылған паркте және Жеңістің 65 жылдық мерейтойына орай Есет ауылында қойылған ескерткіште бар. Мен атамды мақтан тұтамын!
Нұрбергенов Дөңбай 1926 жылы 14 наурызда (негізі 1928 жылы дүгиеге келген, ағалары соғысқа кеткен соң анасына көмектесу үшін құжатын екі жасқа үлкейтіп жұмыс жасаған) Атырау облысы Жылой ауданы Құлсары мекенінде дүниеге келген. Жастайынан еңбекке араласып, сонымен қатар Қосшағылдағы ПТУ-да оқып, тракторшы мамандығын алады. 1943 жылы соғысқа аттанып, 1-ші Беларусь майданында майданға араласады. Ұлы Отан соғысын Берлинде жеңіспен аяқтап, туған жерге демалысқа келіп, одан кейін тағы төрт жыл Беларусь жерінде әскери міндетін жалғастырды.
«Ерлігі үшін», «Берлинді азат еткені үшін», «Кеңес Армиясы флотына ХХХ жыл», «Гвардия» және т.б медальдармен марапатталған. Менің атам Атырау, Маңғыстау өңіріндегі мұнай көздерін ашудағы еңбектері өте зор. Менің атам Нұрбергенов Дөңбай сол сұм соғыстың зардабынан 1978 жылы дүниеден өтті.
Менің атам майдангер
Мен атамды көрген жоқпын,
Білем бірақ ол жайлы!
Есімі оның ұмытылмас,
Ұрпақтары толғайды.
Менің атам қан майданда,
Ерлік жасап от кешкен.
Болашақтың бақыты үшін,
Қас дұшпанмен беттескен.
Менің атам 1943-тің жазында,
Он жетіге жаңа толған
Тіпті жап-жас шағында
Жас сарбаз боп,
Қызыл әскер қатарына алынған.
Менің атам - бастан кешті
Беларусьтің майданын.
Тайсалған жоқ қорғау үшін,
Отаны мен арманын.
Менің атам дәл өзіндей,
Тізе қосып ерлермен!
Қалаларды азат етті,
Жүріп өтті көп жермен.
Менің атам қан майданда,
Өз Отанын қорғады,
Отқа түсті, күйген жоқ ол,
Мұзға оранды, тоңбады.
Менің атам қарсы алыпты
Жеңіс күнін Берлинде!
Сосын төрт жыл болды әскерде,
Белорусьтің жерінде.
Менің атам өңірінде,
Медалдары жарқырап!
Оралғанда ауылына,
Ел қуанған қарсылап!
Менің атам ұзақ жылдар
Еңбек еткен мұнайда!
Ерлігі мен еңбегі оның,
Ұмытылма , тұр ойда!
Мен атамды көрген жоқпын,
Айтам оны ән қылып!
Отан үшін от кешті ол!
Ер есімі - мәңгілік!
Жолдаған: Нұрбергенова Інжу
Ж. Өрісбай