9 мамыр. Мәскеуде Талғат Бигелдинов туралы деректі фильмнің тұсаукесері өтеді

Мәскеуде үстіміздегі жылдың 19 ақпанында Ұлы Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу аясында Ардагерлер үйінде Кеңес Одағының екі мәрте батыры, авиация генерал-майоры Т. Бигелдинов туралы «Подняться в воздух!» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтеді, деп жазады ҚазАқпарат.  

Бұл тарихи деректі фильм Ұлы Отан соғысына аттанған 19 жастағы Талғат Бигелдиновтың тағдыры туралы баяндайды.

1942 жылдан 1945 жылға дейін қан майданда талай қиындықтарды бастан кешіп, ерліктің мәңгі өшпес үлгілерін көрсеткен батырдың тағдыры ешкімді де бейжай қалдырмайды. Талғат Бигелдинов өзінің ИЛ-2 шабуылдаушы ұшағымен Кавказ бен Украина жерін жаудан азат ету операцияларына қатысқан, алғашқылардың бірі болып Берлинді бомбылаған. Бұл ұшақты фашистер «Қара ажал» деп атаған.  

Аты аңызға айналған ұшқыштың 1966 жылы жазған «Илдер шабуылдайды» атты кітабы фильмнің негізгі арқауына айналған.

Фильмнің авторы компьютерлік графиканың соңғы жетістіктерін қолдана отырып, қазақ батырының әуе шайқастарын сипаттайды. Арнайы қойылымдардың көмегімен Талғат Бигелдиновтың өз атқышымен бірге жау қоршауынан шығу жолын баяндайды.  

Аталмыш іс-шараға «Генералдар кеңесі» РҚБ Төралқасының төрағасы Рүстем Хайдаров, Кеңес Одағының батыры, Халық Қаhарманы, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, «Алматы қаласы ҰОС ардагерлері» Қоғамдық Қорының төрағасы генерал-майор Руслан Тынбаев,  «Генаралдар кеңесі» РҚБ Төралқасының мүшесі, генерал-майор Алмасбек Әбдірахманов, Ұлы Отан соғысының ардагері, подполковник Сейітқасым Боранқұлов, сондай-ақ екі мәрте Социалистік еңбек ері, Ресей Федерация Кеңесінің мүшесі, Мәскеу қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, профессор Владимир Долгих қатысады.  

Деректі фильмнің тұсаукесерін «Генералдар кеңесі» Республикалық Қоғамдық Бірлестігі «Қазлото» компаниясының демеушілігімен, Қазақстанның Ресейдегі елшілігімен бірлесе отырып өткізеді. 

сурет: time.kz