70 жыл бойы жеңісімізді тойлап, қалпағымызды аспанға атып бейбіт заманда күн кешіп жүргеніміз бүгінде аттары аңызға айналып үлгерген дара батырларымыздың арқасы емес пе?! Соғыстың суық желінен де, ажалдың азулы аязынан да қорықпай ел мен жердің амандығы үшін қан кешкен ата-бабаларымыздың рухы мәңгіге тірі болғай. Осындай батыр аталарымыздың бірі Талғат Бигельдинов кеше ғана (2014 жылғы 9 қарашада) өмірден өтті. Тыныштық үшін тынбай жаумен алысқан ұлылардың ізінен еріп, туы биік қазақты көріп өзінің де жаны тыным таппаққа батырлардың келмес керуеніне ілесе ол да кетті...
Толық аты-жөні – Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов. Ол көзі тірісінде Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері атанды. Өзі 1922 жылы 5 тамызда Сарыарқаның кең-байтақ даласында, Ақмола облысының Майбалық ауылында туған.
Талғат Бигельдинов өзінің ұшқыш болсам деген арманымен Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне түсіп, «У-2» деген ұшақпен ұшуды үйренгенін айтады. Қыран самғауының алғашқы ақ жолы атақты Фрунзе берген бір жапырақ қағаздың арқасында осылай ашылып еді. Ол кездерде қазақ баласына тым сирек бұйырған бақыт болатын бұл. Әуелі Саратовтың арнайы барлаушылық ұшқыштар авиамектебіне оқуға жіберілді. Оны бітірген соң Чкаловтағы 3-ші бомбалаушы және 1-ші жойғыш авиациялық ұшқыштар мектептерінде аспан қыраны мамандығының қыры мен сырын тәптіштеп меңгерді. Одан соң ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында ұшуға тәжірибеден өтті. Осының бәріне ұзын-ырғасы екі жарым жыл шамасында уақыт кетті. Тек содан кейін ғана, 1942 жылғы желтоқсан айында Талғат Бигелдинов кейіннен 144-ші гвардиялық деп аталған алғы шептегі 800-ші шабылдаушы авиаполкке келіп қосылып, соның құрамында соғыстың соңғы күндеріне дейінгі бүкіл от-жалынды бастан өткерді. Ал қан майданға аттанар алдында Ижевск қаласынан «ИЛ-2» штурмовигімен ұшуды үйреніп шығады. Сол күннен бастап әскерилер арасында «ұшқыш танк» деп аталып кеткен «Илюшаға» басы бүтін бауыр басып, 1942 жылы майданға аттанады.
Ол осы өзі ұнатқан ұшақпен алғаш көкте 500 сағат ұшып жүреді. Содан соң 305 рет әскери шабуылға шығып, жау ұясы – Берлинді алуға бірінші болып қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз өлім оғын сепкен Талғат мінген ұшақты «Қара ажал» деп атаған. 23 жасында Кеңес Одағының екі мәрте батыры атағын иеленіп, соғыста небір көзсіз ерлік көрсеткен қыран қазақ қан майданнан аман-есен оралады.
Соғыс біткеннен кейін Талғат Жақыпбекұлы Әскери-әуе академиясында оқып, кеңес армиясындағы бөлімдер мен құрамалар командирі, штаб бастығы мәртебесін еншілеткен диплом алып шықты. Әскер қызметінде реактивті ұшақтарды игерумен шұғылданды. Бір жолғы сынақ ұшуы кезінде апатқа ұшырады, алты ай бойы ажалмен арпалысты. Екінші топтағы соғыс мүгедегі болса да, бейбіт өмірден өз орнын табуға құлшынды. Фрунзеден лайықты жұмыс бере қоймағасын, онсыз да туған ел, туған жерге бүйрегі бүлкілдей бұрып аңсап жүрген Алматыға отбасымен көшіп келді.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып сайланады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық, Қызылорда, Қарағанды, Тараз сынды көптеген қалаларда аэропорт салу ісіне өлшеусіз үлес қосады. 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс саласында да қызмет атқарып, әсіресе, Алматыдағы небір тамаша зәулім ғимараттардың бой көтеруіне атсалысады.
93 жасқа келер тұсында өзінің ерлікке толы өмірімен қоштасқан батырдың өмірбаяны үлгі боларлық жайттарға толы. Елі үшін есімі есте қаларлық Талғат Бигельдинов жайлы ұрпақтары ешқашан ұмытпайды.
Сурет: baursak.ru