- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Қазақ...
9 мамыр. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген Қасым Қайсенов болды
Өр мінез, батырлық пен батылдық, қайсарлық - қазақтың қанға сіңген қасиеті. Ел басына күн туып, оның болашағына қауіп төне бастаған кезде қазақ халқы да жұдырықтай жұмылып, қан майданға аттанды. Бүкіл қажыр-қайратын жеңіс жолына сарп етті, өмірлерін қиды. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған қазақтың қас батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстанның Халық Қаһарманы, партизан-жазушы Қасым Қайсеновтің ерлігін елі ұмытпайды.
Ол 1918 жылдың 23 сәуірінде Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданында дүниеге келген. 1934 жылы мектеп бітіргеннен кейін Өскемен қаласындағы саяси-ағарту техникумына түсіп, оны 1938 жылы бітірген. Павлодар облыстық оқу бөлімінің саяси-ағарту жөніндегі нұсқаушысы болып жүргенде әскер қатарына шақырылып, әскери-барлау мектебіне жіберіледі. 1941 жылы Мәскеудегі барлаушылар мектебінде оқиды, іле-шала жау қолында қалған Украина жеріне аттандырылады. Жау жайлаған елге ұшақпен келіп түскен сәттен бастап Қасым ағаның партизандық өмірі басталады. 1941 жылы Қасым Қайсенов Украина жерінде партизан жасағын құру үшін жау тылына аттанады. Ол жерде Чапаев атындағы партизан құрамасының үшінші жасағын басқарады.
Қарудан кейін қолына қалам алған Қасым Қайсенов өзінің партизандық жорықтары туралы жазуға бекінеді. Сөйтіп, Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау кезеңдері, жауынгерлердің өшпес ерліктері жайында қалам тербейді. Қасым Қайсеновтің бұл шығармалары қазақ әдебиетінің әскери тақырыбын байытты. «Соғыстан қайтып келгеннен кейін жазушылықпен айналыса бастадым. Соғысқа дейін де өлең жазушы едім. Елге, кейінгі ұрпаққа пайдасы тиер-ау деген үмітпен естелік жазуға көштім. Қазақ әдебиетіне әскери естеліктер жанрын әкелген мен едім. Қазақша, орысша, украинша шыққан кітаптарым бар», - дейді атаның өзі.
Оның «Жас партизандар» атты алғашқы кітабы 1954 жылы орыс тілінде шығады. Одан кейін «Илько Витряк», «Переяслав партизандары», «Ажал аузынан», «Жау тылындағы бала», «Днепрде», «Жау тылында», «Партизан соқпақтары» сияқты басқа да әңгіме, очерк, повесть жинақтары оқырман қолына тиді және артынша орыс, украин, қырғыз, вьетнам тілдеріне аударылды. Кейіннен «Елімнің ертеңіне сенемін», «Естеліктер мен жазбалар» кітаптары шықты. Жалпы, Қасым Қайсенов 30 шақты кітап жазып қалдырды. Қаһарман жазушы жайында 150 ақын-жазушы поэма, естелік жазыпты және ол туралы екі деректі фильм түсірілген.
Қасым Қайсеновтың шығармашылығы мен қарудан соң қолына қалам ұстаған шағын Әбіш Кекілбаев былай суреттеп берді: «Қанжарын қаламға айырбастап, тым майса кезінде үсік шалып, жапырылып қала жаздаған жетім ұрпақтың жауынгер әкелері мен ағаларының ерлік дастандарын жазды. Ерлік туралы айта отырып, елдік жайында сыр шертті. Ұлттық намысты оятты. Ұрпақтық парызды ескертті. Елжандылық тағылымын көрсетті. Сол үшін де тәуелсіз қазақ мемлекеті қан түкіріп, от кешкен есіл ердің оған дейін бағаланбай келген теңдесі жоқ ерліктерін ең асыл ұлттық құндылығымыз санап, «Халық Қаһарманы» құрметті атағын берді. Бағзы бабасы Қабанбай батырдай даңқ шыңының даусыз дарабозы болып өмір сүрді. Ол өмір біз түгілі бізден кейінгі қазақ ұрпақтарына халық жолында қалтқысыз еңбек етудің қастерлі өнегесі болып қала береді».
Қазақтың біртуар перзенті Қасым Қайсенов ерлік пен батылдықтың символы іспеттес. Ұлы Жеңіске айтарлықтай үлес қосқан батыр ағамыздың өмір өткелі, көрген-білгені, соғыс туралы шығармалары жас ұрпақ тәрбиесіне негіз болары анық.
А. Әбілхан