- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Кәсіпкерлер...
9 мамыр. Кәсіпкерлер соғыс ардагерлеріне алғыс білдірді
Жеңістің 70 жылдық мерейтойы қарсаңында "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасы "Ұрпақтар алғысы" атты жоба басталғанын мәлімдеді.
Жиында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев еліміздің кәсіпкерлерімен бірлесе отырып жасаған бұл жоба ұзақ мерзімді жоба екенін және бүгінгі таңда саны күн санап азайып бара жатқан соғыс ардагерлерін толық қамтамасыз ететінін айтты.
Сонымен қатар Ұлттық палата жанынан қан майданды басынан кешірген қаһармандарға көмек қолын созуға арналған арнайы байланыс желісі құрылды. Енді 59-79-60 нөміріне қоңырау шалып, кез келген соғыс ардагері көкейдегі сұрақтарын қойып, мәселелерін шеше алады.
"Бұл бағдарламаға белсенді қатысып, бар күш-жігерін салған кәсіпкерлерге айтар алғысым шексіз және басқа да отандық кәсіпкерлерді "Ұрпақтар алғысы" жобасына атсалысуға шақырамын", - деді Ұлттық палатаның төраға орынбасары.
Өз сөзінде Нұржан Әлтаев тағы да бір жобаның жүзеге асырылғанын айта кетті. Ол "Өмір жолы" деп аталады. Яғни жасы үлкен адамдарға және мүмкіншілігі шектеулі жандарға арналған GPS құрылғы. Бұл арқылы көшеде келе жатып, кенеттен сырқаттанып қалса немесе өміріне қауіп төнсе, «SOS» белгісі бар жедел шақыру түймешесін басып, көмек орталығының ақпараттық базасына хабар бере алады. Бизнес қауымдастық Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай соғыс ардагерлерін түгел осы құрылғымен қамтамасыз етті.
Еліміздің барлық аймағында қарқынды жүріп жатқан бұл жобаның осымен тоқтап қалмай, одан әрі өз жалғасын табуына тілектеспіз.
Сурет: "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі
Ж. Исакаев