- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Бір...
9 мамыр. Бір суреттің тарихы
Қан майданның жүректе жарасы бар,
Қайғысы мен зілі бар, наласы бар.
Арамызда жүретін алшаң басып,
Ардагерлер азайып барасыңдар.
Махмұтбай Әміреұлы
Жеке мұрағатымды ақтарып отырып, көптеген жылдар бойы қағаздар арасында елеусіз жатқан суретке кезіктім. Бұл атамның суреті болатын. Біреу үшін қарапайым бір ескі сурет болса да, мен үшін аса қымбат дүние. Бұл сурет қашан, қайда түсірілгенін, суреттегі кімдер екендігі маған мәлім ғой. Суретке қарап отырып көп жәйттар ойға оралды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында, қан майданда қан кешкен атамның естеліктеріне тоқтала кетуді жөн санадым. Өмірден өтсе де соңында өшпестей із қалдырған атамның еңбегімен ерлігі туралы сіз де біле жүріңіз... ...
Жастайынан еңбекке бейім Тайыр мал десе жанын беретін азамат болып өседі. Қой, ешкі, түйені былай қойғанда өзінің қарауындағы жылқыларды баптап, асау тайды ерттеп мінеді. Белі қатпастан қара жұмыстың жетегінде жүрген Тайырдың жігіттік шағы талай боздақтың жанын қиған Ұлы Отан соғысы жылдарына тура келеді. Қызылқұмды егелеп жатқан Тамды ауданынан соғысқа аттанған алғашқы 500 жігіттің қатарында атамыз да соғыс майданына аттанып кетеді. Ол кезде атамыз бар-жоғы 17 жаста болған екен. Ауылдан облыс орталығына дейін үсті ашық көлікте, әрмен қарай пойызға мінген жігіттер 10-15 күн дегенде межелі жерге жеткізіледі.
Соғыс алауының қызған кезі, уақыт тапшы, келген күнінен жігіттердің қолына қару беріп дайындықты бастап жібереді. Алғашында үрке қараған Тайыр винтовкамен атуды тез меңгереді. Мал баққанының пайдасы тиеді, қойлы ауылдың жігітіне мылтық ату түк емес қой! Мінезі де өжет, қазақы қайсарлығы тағы бар жігіт ә дегеннен командирлер көзіне түсіп бас-аяғы 2-3 айлық дайындықтан соң майданға жіберіледі. Соғысқа ертерек кіріссем, жаудан өш алсам, кек қайтарсам деген жас жігіттің арманы тағы артқа ысырылады. Олай дейтінім, әлі тәжірибесіз әскерлер қан майданға бірден түсірілмей, әскердің ең соңғы шебінде болады екен. Бұлардың жұмысы қолға түсіп, тергелген жау әскерін арнайы бұйырықтан соң көзін жою. Ауылдан келген балаға адам өлтіру деген өте қорқынышты жәйт екен. Келген күнінің ертесіне-ақ олардың алғашқы тұтқыны алып келінеді. Ол жаудың жалғыз әскері болатын. Өлім оңай шаруа емес. Ату алаңына неміс тілінде шүлдірлеген, айқайынан аспан қайысатын немісті екі әскер қолын артына қайырып алып келді. Тайырдың винтовка ұстаған қолында діріл пайда болды. Бұл қорқыныш емес еді, адамдық қасиетінен аттау болатын... бірақ, аяушылық танытатын кез емес. Тұтқын болса да жау, ату керек. Тұтқын алдында асып кетсе он бес қадам жерде, көздері жұмулы күйде тұр. Мүмкін, соңғы рет ғайыптан көмек тілеп тұрған болар. Тайыр винтовкасын оқтады да, көздерін жұмды. Өйткені, ата алмасын білді, бір секундтық үнсіздіктен соң қаруы «гүрс» етті. Көзін ашқаны сол еді, алдында неміс әскері қаны бетін жуып құлап барады екен. Бұл тұтқын атамыздың соғыс уақытында атып өлтірген алғашқы жауы болыпты... Айлар айларға ілесіп жатты, соғыс алауы үдей түсті. Кеңес әскері алға жылжып келеді. Соғысқа бойы үйрене бастаған, буыны қатайып нағыз әскерге айналған Тайыр да саптастары қатары қан майданға еніп келеді. Оқта-текте лақтырылған гранаталар дүмпуінен қолы не аяғы жұлынған әскерлер жан ұшыра құлап жатады. Оған қарар уақыт жоқ, тек алға оқ жаудыру керек. Қанша жау әскерінің мерт болғаны белгісіз, жобалап атысып жатыр. Кенеттен атамның алдында қолына гранатасы бар неміс әскері еңбектеп келе жатқанын көзі шалады, винтовкасын туралап атып қалғанда, неміс әскері шалқалай құлайды. Егер қырағылығым болмағанда сол сәтте ажал құшуым мүмкін еді, деп атам айтып отыратын. Соғыс алаңында өзімен қан майданға қатар аттанған талай боздақ өліммен қауышады. Соғыстың соңғы жылдары қаңғырған жау оғынан Тайыр жарақат алып госпитальға түседі. Қан майданда талай ерлік көрсеткен Тамды тумасы елге оралады, ерлігінің бір көрінісі іспеттес кеудесі орден, медальға лық толады... ...
Соғыс аяқталып, елде бейбітшілік орнаған тұста Тайыр сол кездердегі «Ленин» (қазіргі Керегетау) ұжымшарына төраға болады. Соғыс уақытында торылып қалған ауылдың шаруасын алға жылжытып, КСРО көлемінде танылады. КСРО ауыл шаруашылығы көрмесінің қола медалін иеленеді, «Өзбекстанға еңбегі сіңген шаруагер» атанады. Аталмыш ұжымшарды 35 жыл басқарады.
Тақырыбымызды «Бір суреттің тарихы» деп атаған болатынмын. Бұл сурет атамыз қайтыс болардан бір жыл алдында түсіріліпті. Сексенге таяса да таяқ ұстамаған Тайыр Мырзабековті іздеп келген әлемге танымал жазушы һәм режессер, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей және Израилде еңбек еткен журналист, шахмат шебері Леонид Ветштейн болатын. Ол кісінің «Қырық өлімнен қалғандар» кітабына кейіпкер ретінде Тайыр Мырзабеков таңдалған екен. 2000 жылы кітап Ташкент қаласында баспадан шығады, арадан алты ай өтіп атамыз өмірден өтеді...
Өмірінде басшылық қызметі уақытында ешкімге де дауыс көтеріп сөйлемеген, сабырлы, кішіпейіл, үлкен құрметке ие ақсақалды бүгінде еске алып, әртүрлі шаралар ұйымдастырылып тұрады. Ол кісінің соңындағы ұрпақтарының бірі ретінде азда болса бұл естеліктерді халық назарына ұсынуды жөн көрдім.
Жолдаған: Қожакелді Алданов
Сурет: ©massaget.kz, ©Қожакелді Алданов
Оқи отырыңыз:
Tengri FM мен "Жұлдыз FM" "Ұмытылмас ерлік" жобасында Ұлы Отан соғысы әйелдері жайлы баяндайды
9 мамыр. Мен соғысты көргем жоқ, бірақ та...
9 мамыр. Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды!
Ж. Өрісбай