- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Бір...
9 мамыр. Бір өзі 24 фашисті өлтірген қаршадай қазақ қызы кім еді?
Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметовадай ерлік көрсеткен Шыңғыстау өңірінің даңқты қызы Баян Байғожина. Соғыс басталғанда Баян он жетідегі балауса қыз еді. Алматыда оқып жүрген студент болатын. Ол өзі тіленіп майданға аттанды. Белоруссия мен Польшаны жаудан азат етуде ерлігімен көзге түсіп фашизмнің ордасы Берлинге дейін барады. Баян Байғожина «Даңқ» және «Ұлы отан соғысы» ордендерін иеленеді. Ефрейтор-атқыш «11»АП құрамында 1945 жылға дейін жаумен ерлікпен шайқасқан. Тоғыз жолдың торабы болған бір көпірді қорғауда тапсырманы ерекше ойдағыдай орындағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін алды.
Баян Байғожина жөнінде белгілі жазушы Павел Кузнецов «Шыңғыстаудың Баяны» деген мақала жазып «Москвадан Берлинге дейін» атты кітабында Баян туралы естелік жазған. Кузнецов Баянды былай суреттейді: "Төгілген ұзын шашын айқастыра ұстап, солдат бөркін баса қиген қарақат көзді Баянның жүзі Қазақстанның күн сәулетті кең жайлауынан жаңа ғана келгендей қошқыл тартқан. Біз онымен Ганденбургте, Виллинштрасседе қашуға үлгермеген неміс Бюргерінің салтанатты кең үйінде кездестік. Шын пейілімен әңгімелесе отырып, Н. атқыштар полкының ефрейторы Баян Байғожинаның өмір тарихын білдім. Баян әскерге өз еркімен келген екен. Алғашқы кезде жолы болмапты. Көздеген жеріне жетпей эшелондарына неміс самолеттері тап береді. Сонда жараланады. Жараланған Баян госпитальда қала береді. Көп ұзамай сауығып, өз дивизиясы емес, жол батальонына жіберіледі».
Майданда Баянның даңқы тез тарайды. Ол тоғыз жолдың торабы болған бір көпірді қорғауда тапсырманы ойдағыдай орындағаны үшін «Қызыл Жұлдыз» орденін алды. Бұл ұрыста ол тосқауылда тұрып бір өзі тоғыз немісті өлтіреді. Ұрыс алаңында көрсеткен ерлігі үшін ол екінші рет «Даңқ» орденімен марапатталады.
Семей өңіріндегі Шыңғыстаудың Баяны арпалысқан ұрыстарда Белоруссияның, Литваның, Польшаның жерін жаудан азат етеді. Бірде Гинденбургтың іргесіндегі қыстақтарда қатты ұрыс болады. Немістер үйдің шатырынан бастап жертөлелерге дейін оқ жаудырады. Снарядтың жарықшағы Баянның бетіне тиеді. Командир Баянға дәрігерлік батальонға баруға бұйырады, бірақ Баян ұрыс даласынан кетпейді. Осы арада Баян тағы он бес немісті жойғаны үшін "Отан соғысы орденімен" наградталады. Бұдан кейін майдан алаңдарында Баян Байғожинаның «бір өзі 24 немісті өлтірген қаршадай қазақ қызы» деген атағы тарайды. Баян Байғожина Ұлы Жеңіске 12 күн қалғанда 24 сәуірде ерлікпен қаза табады. Ол Гинденбург қаласының түбіне жерленген.
Дереккөз: alashainasy.kz
Көрнекі сурет:rirl.ru
Н. Айдархан