- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Бауыржан...
9 мамыр. Бауыржан Момышұлы: "Тіл – адам баласының негізгі қасиеті"
Бауыржан Момышұлы тек соғыс ардагері емес, ұлт жанашыры болған. 1991 жылы «Жалын» баспасынан шыққан «Бауыржан батыр» кітабынан алынған тіл туралы пікірден үзінді ұсынамыз.
Тілсізді – айуан дейді. Тілі кедей елді – мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды.
Тіл – адам баласының негізгі қасиеті болғандықтан, тіл байлығы – елдің елдігін, жұртшылығын, ғылыми әдебиетін, өнеркәсібін, мәдениетін, қоғам құрылыстары мен салт-санасының, жауынгерлік дәстүрінің – мұрасының қай дәрежеде екенін көрсететін сөзсіз дәлелді мөлшері (мерило).
Тілдің көмегімен өнер-білімге, мәдениет, ғылымға жетіп, өткен-кеткенмен әлемді танып, өзімізді жұртқа – әлемге танытамыз, сөйлейміз, оқимыз, жазамыз, өз басымызды, үй-ішімізді, қоғам-халықты, ел-жұртты, мемлекетті меңгереміз, сондықтан «өнер алды – қызыл тіл» дегендейін, адам баласының байлығында тілден артық не бар?!
Қазақ тілі еш уақытта өзімен көршілес халықтың тілдерінен сорлы болып, қатардан қалып өмір сүрмегендігі, өз сыбағасын ешкімге жегізбегендігі мыңдаған жыл тарихында айқындалған емес пе еді?!
Барлық өткен заманның, халық тәжірибе, қасиеттерін, ғылыми-мәдениетін, өнеркәсібін бойымызға тарата сіңіріп, жағдайды толық түсіндіріп, ұғындыра, ел қатарына қосып, бізді бұл дәрежеге жеткізіп отырған алдымен тіл емес пе?!
Тіл байлығы, тіл тазалығы – ұлт қасиетінің, салт-санасының негізгі өнеге, нағыз белгісі емес пе?!
Мен әскери адаммын – тіл мәселесі туралы араласарлық жөнім жоқ сияқты, бірақ та, айтылған мәселелер халқымыздың жауынгерлік мінез-құлқын тәрбиелеу, салт-сана, ел намысы, ер намысына, адамгершілік арына, жауынгерлік мұра-дәстүріне ерекше байланысты болғандықтан, көріп, біліп, сезіп тұра айтпағанымды өзіме үлкен ар, кешпес күнә деп түсінгендігімнен жазып отырмын.
Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы
15-25.2.44 жыл. Алматы
Ұқсас жазбалар:
9 мамыр. Бауыржан Момышұлы: Таяқпен танкке қарсы соғыстық
9 мамыр. Бауыржан Момышұлының естеліктері
Ф. Абилова