- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Бауыржан...
9 мамыр. Бауыржан Момышұлы: Таяқпен танкке қарсы соғыстық
Алматыда Орта Азия әскери округінің 1941 жылғы 12 шілдедегі бұйрығы бойынша Қазақстан және Қырғызстан азаматтарынан 316-шы атқыштар дивизиясын құру ұйғарылған. 13-17 шілдеге дейін дивизияда генерал Панфилов, майор Стариков және Б.Момышұлы үшеуі ғана болған. Дивизия жасақталып, бір айға толар-толмас әскери дайындықтан кейін 17 тамызда майданға аттанды. Бір жарым айдай Ленинград бағытында резервте болып, қазан айының бас кезінде орталық майдан қарамағына өтеді. Ол кезде орталық майданды маршал Рокоссовский басқарған. 316-шы атқыштар дивизиясына Мәскеу бағытындағы Волокаламск тас жолы бойының елу шақырымдық бекініс ауданын қорғау жүктеледі. Ол кездегі әскери жарғы бойынша батальон екі шақырымдық жерге ғана қорғаныс шебін құруға мүмкіндігі бар деп саналатын, ал, Б.Момышұлының батальоны алты-сегіз шақырым жерге қорғаныс бекінісін құрған. Осылайша Панфилов дивизиясының батальоны полкке, полктары дивизияға қарсы соғысқан. Панфилов дивизиясының төрт полкі бақайшағына дейін қаруланған неміс-фашистерінің бес дивизиясымен ауыр соғыс жүргізді. Бұл туралы «Москва үшін шайқас» шығармасында Б.Момышұлы: «Таяқпен танкке қарсы соғыстық», - деп жазған.
Әсіресе, майданнан тоз-тоз болып үрейлене шегінген сарбаздардың немістер туралы айтқан әңгімелері бекініс құрып жатқан әскерлердің ұнжырғасын түсіріп жіберген. Осындай қысылтаяң шақта әскердің моральдық рухын көтеру мақсатында Б.Момышұлы Среда селосына түнгі шабуыл ұйымдастырып, неміс-фашистеріне соққы береді. Жау біраз шығынға ұшырайды. Бұл туралы: «... Мен өз батальоным туралы сөз еткенде ешқашан Среда жорығы туралы айтуды естен шығармаймын. Түнгі шабуылдың бұл учаскедегі кейінгі оқиғалардың барысына ықпалы, әсері болмаса да, біз көп жағдайда оған қарыздармыз. Меніңше, ең бастысы, ол солдаттарымыздың психологиясы мен жан жүрегіне ұмытылмас әсер қалдырды», - деп жазады.
Немістердің де ет пен сүйектен жаралғанын, оларды атса өлетінін, тұтқындауға болатынын дәлелдеп, жеңіске деген сенімі оянған батальон 19 қазаннан 28 қазанға дейін ауыр ұрыстар жүргізеді. Крюкова станциясында Б.Момышұлының бел омыртқасына оқ тиіп, госпитальға жатудан бас тартқан батыр, екі елі етін кестіріп оқты алдырып тастайды. Оқты алдырғаннан кейін екі аяғы істемей, сал болып қалған Б.Момышұлы майдан даласын тастамай әскерін басқара береді. Осындай ауыр жағдайда батальон командирі Жуков шегінуге рұқсат сұрап жалғыз қалғанын айтады. Б.Момышұлы Жуковқа қатардағы солдат болып 1-ші батальонның командирі Исламқұловтың қарамағына баруды бұйырады. 15 минуттан кейін Вехов хабарласып, 7 адамы қалғанын хабарлайды. Б.Момышұлы Веховқа да бөлім командирі болып 7 адамымен Исламқұловтың қарамағына барып соғыс дейді. Осы аралықта М.Исламқұлов телефон шалып: «Жағдай өте ауыр. 4 адам қалды. Не істейміз?», - дейді. Б.Момышұлы: «Сенің қарамағыңа Жуковты беремін, оның қолына винтовка ұстат, солдат ретінде соғысқа кірсін. Бәрінен айырылсаң - өзің де қолыңа винтовка алып, солдат ретінде шайқас", - деп бұйырады. М.Исламқұлов адам күшінің аздығын айтып, шегінгісі келетінін телефонмен баяндайды. Сонда Б.Момышұлы Мұхамедқұл Исламқұловқа: " Ей, Мұхамедқұл! "Ерді намыс, қоянды қамыс өлтіреді" деген халқымыздың мақалы есіңде ме. Бұл "Арым - жанымның садағасы" деген сөз. Менің бұйрығым осы", - деген болатын.
Қазіргі кезде кейбір жазушылар мен тарихшылар бұл соғысты анголо-саксондар мен славяндардың арасындағы соғыс деп көрсеткісі келіп жүр. Бұл ой соғыстағы қазақ халқының орыс халқымен тең ерлік көрсеткенін жоққа шығарады. Егер де қазақ ұлты бұл соғыста ерлік көрсетпей қашқанда, қазіргі тарих сахнасында қазақ мемлекеті болмас та еді. Қайта қазақ ұлты неміс-фашистерімен ерлікпен шайқасып, Б.Момышұлындай батырлардың ерлігі Отанға деген адалдықтың және өз ұлтының рухтық символына айналды.
Сурет: khabar.kz
Ж. Исакаев