Екінші дүниежүзілік соғыста ел намысын биік көтерген ерлеріміз көп. Олардың әрбірі ұлт болашағының жарқын болуы үшін қасық қаны қалғанша күресті. Сондай ерлердің бірі - Сахметов Насиболла.
Ол 1916 жылы 5 желтоқсанда Жаңақала ауданының №9 ауылында туған. Орал педогогикалық училищесінде білім алған. Одан кейін №9 ауылдағы Орлы-ой бастауыш мектебінде ұстаздық қызмет атқарған.
1939 жылдың ақырабында кеңес әскері қатарына шақырылады. Насиболланың әскери қызметі Забайкал әскери округінен басталған. Ол Маннаргейм бекінісін жасаған ақфиндер соғысына қатысады. 1940 жылдың 12 наурызында ақфиндер тізе бүккен соң жас жауынгердің әскери қызметі Жапониямен шекаралықта қайта жалғасады.
Насиболланың жинақылығы мен тәртібін, саяси және әскери әзірлігінің жоғары екенін байқаған командирлер оны взвод командирлерін дайындайтын қысқа мерзімді әскери училищеге жібереді. Насиболла кіші лейтенант атағын алып, 1942 жылдың қаңтарында бітіріп шығады. Н.Сахметов одан кейін Батыс майданға келіп, взвод басқарады.
Воронеж майданында Н.Сахметов 1942 жылдың заузасынан 1943 жылдың желтоқсанына дейін сұрапыл соғыстың алғы шебінде болып, не бір қиындықты бастан кешіреді. Пулеметшілер ротасын басқарып келген ол Украйна жерінің Хвостово селосы маңында екінші рет аяқтан жараланады. Одан кейін Мәскеу қаласына жіберіліп емделеді, сауыққан соң Запастағы офицерлер полкінде болып, қайта майданға аттанады.
Курск-Орел иініндегі операциялар мен одан кейінгі жалпы майдан шебіндегі шабуылдарға қатынасады.
2-Украйна майданының 70 гвардияшыл атқыштар дивизясының құрамындағы Насиболла Сахметов басқарған пулеметшілер ротасы Днепр мен Десна өзендерінен көктей өтіп, жау қолынан Киевті, Черниговті, Житомирді, Украйна мен Молдавияны тазартады.
Румынияны, Полшаны, Венгрияны азат еткен майдан жауынгерлерімен бірге шайқаста Н.Сахметов басқарған бөлімнің көрсеткен ерлік істері айтарлықтай болады.
1944 жылдың көктемінде Пулеметшілер ротасының командирі аға лейтенант Н.Сахметов дивизия штабына шақыртылады.
- Сіз қазірден бастап батальонды қабылдап аласыз. Осы күшпен Карпат тауынан өтіп, жаудың тылынан соққы беруді ұйымдастырасыз! - деп бұйрық береді Комдив.
- Бұйрықты орындауға әзірмін, - деп ізет етеді аға лейтенант.
Аға лейтенант батальонды қабылдап, жауынгерлерге, роталарға тапсырма береді.
Батальон жауынгерлері карпат тауының биік шатқалды құздарынан өтіп, жаудың тас және темір жолдарының коммуникациясын кесіп, тыңнан соққы беруді бастайды. Үш тәулікке созылған кескілескен ұрыстан кейін меже алынып, совет жауынгерлерінің ілгері жылжуына қолайлы жағдай жасалады.
- Бұйрық орындалды! Жау шегінді. Жаппай шабуылды бастауға мүмкіндік жасалды, - деп рапорт береді аға лейтенант Комдивке.
Тапсырманы орындаудағы ерен ерлігі үшін батальон командирі Н.Сахметов «Ұлы Отан соғысының екінші дәрежелі» орденімен марапатталады. Н.Сахметовтың әскери атағы капитан шеніне көтеріледі. Польша жеріндегі ұрыстардың бірінде 1944 жылдың желтоқсанында капитан Н.Сахметов зеңбірік оғының темір ұшқындарынан екі қолынан бірдей жаралы болады. Екі айға жуық емделіп, сауыққан соң капитан қайта сапқа тұрады.
Майданнан жеңіспен оралған запастағы капитан Насиболла Сахметов халық шаруашылығын қалпына келтіру, тылдағы титықтаған шаруашылықты түзеуге қомақты үлес қосады. Ол Қазақстан Компартиясы Фурманов аудандық комитетінде әскери және ауылшаруашылық бөлімін басқарады. Кейін ұзақ жылдар бойына «Пятимар» жылқы заводы, Жұлдыз МТС-і, Фурманов қой совхозы партия комитеттеріне жетекшілік етеді. Үш жыл «Пятимар» жылқы заводында директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. 1963 жылы «Айдархан» совхозы директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары болып ұзақ жыл жемісті қызмет атқарған. 1974 жылы 30 наурызда дүниеден озды.
Майдангердің жары Шақуова Қимаш бүгінде 95 жасқа таяп қалды. Бір ғасырға жуық ғұмыр кешкен кейуананың денсаулығы әлі де тың. Мұғалім болып қызмет етіп, балабақша басқарған ол саналы ұрпақ қалыптастыруда аянбай еңбек етті. Насиболла атамыз бен Қимаш әжеміздің екі ұлынан бүгінде 6 немере, 16 шөбере тарап отыр.