- Негізгі бет
- 9 мамыр 2015
- 9 мамыр. Атамызды...
9 мамыр. Атамызды сағынышпен еске аламыз
Бүгінде тәуелсіз елдің ұрпақтары еліміздің сан ғасырлық тарихында қаншама ұлы тұлғалардың өткенін біледі. Олардың елі үшін еңіреп, халқы үшін жанын пида етіп, намыс пен арын ту ете отырып атқарған ерліктерін, сірә, ұмыта алмаспыз. Бүгінде азат елдің көк байрағы астында халқымыз армандаған баянды қуанышы мен шаттығында шек жоқ деп айтуға болады. Біреулер тойып секірсе, баз біреулер тоңып секіреді демекші, осы күндері өзге елдің қанды соғыс, қарбалаң тіршілігін көріп, шүкіршілік айтамыз.
Биыл әлемнің жарты шарында тарихта зұлымдығымен өшпес із қалдырған Ұлы Отан соғысының жеңісіне 70 жыл толып отыр. Атаулы мерекеге елімізде дайындық қызу жүріп жатыр. Ерлігі ел есінен кетпейтін ардагерлер жеңісін үнемі еске алу, арамызда жүрген көзі тірі батырларға сый-құрмет көрсету - барша қазақстандықтардың борышы. Туған топырағында еркелеп өскен ұрпаққа Ұлы Жеңісті тарту еткен ерлерге деген алғысымыз шексіз. Қазірде олардың барлығы дерлік батырлығымен жадымызда сақталып, ерлігімен еленіп, өр тұлғалы бейнесімен мақтанышқа айналған. Көпшілігі бұл дүниеден бақилық болғанымен, ауыл, аудан, қаланың мемориалдарында есімдері тасқа қашалып, кітап беттерінде алтын әріптермен мәңгілікке жазылып қалды.
Сол сұрапыл соғыста ерлік көрсеткен ерлер тарихы әр қазақ отбасы шежіресінде кездесетіні анық. Олардың арасында кеудесін оққа төсеп, жан берісіп, жан алысқан ерлеріміз және тылда соғыс алаңына тағамдар мен қару-жарақпен қамтамасыз еткен ана-апаларымыз еңбегі елеусіз қалмақ емес. Сондай батыр тұлға есімі біздің отбасымызда сақталып қалған. Оңтүстік өңірдің Мақтарал ауданында үлкен шаңырақ Мырзахметовтар әулеті әу бастан қарапайымдылығымен, ынтымағымен ел ішінде абыройға ие болған. Әкемнің ардақты әкесі Бахтияр Мырзахметұлы халық тыныштығын бұзған фашистермен соғысуға аттанған. Жалпы ер атаның соғыс жорығы КСРО мен Финляндия арасында 1939 жылы «Кеңес-Фин» соғысына атттанып, КСРО-ның құрамындағы мемлекеттер құрамында өзінің әскери борышын өтеп келіпті. 1941 жылы фашистік Германияның КСРО елдеріне бастаған соғысы сол кездегі диктатор Сталиннің радиодан хабарлаған суыт жаңалығымен басталды. Жер-жерден ұлтының қамын ойлаған еркек атаулы, соның ішінде жас өрендер ештеңеден қаймықпастан қанды майданға аттанады. Небары 23 жасқа толған ер жігіт Бақтияр ата ерте жинаған тәжірибесімен соғысқа кете барады. 1941-1943 жылдары соғыс алаңының Шығыс-Батыс фронтында әскери қызметін атқарып, 1943-1944 жылдары 4-ші Украина фронтында ерлігімен танылады. Өр мінезді қазақ жігітінің ерлігі еленбей қалмады. 1941 жылы КСРО Қорғаныс Халық комиссариатының бұйрығымен лейтенант атағына ие болған. Жалпы 1938 жылдан бастап, 1946 жылға дейін КСРО Қару күштерінің 3-ші разрядтағы «запастан тыс жауынгер», «отряд командирі», «взвод командирі», «батальон командирі» сынды шендерімен адал қалтқысыз қызмет еткен. Ұлы Отан соғысына қатысқаны үшін түрлі медальдар мен ордендерді кеудесіне таққан. Соғыстың аяқталғанына 20 жыл толуына орай, «КСРО Қарулы күштері күштерінің 50 жылдығы», 1978 жылы «Еңбек ардагері» атты ордендерімен марапатталған. 1946 жылы өз еліне амандықпен оралған Бақтияр ата өзі туылып өскен Қызылқұм ауылында колхозда нұсқаушы болып еңбек етеді.
1954 жылы Ташкент қаласындағы педагогикалық училищесінің «дене шынықтыру» пәні мұғалімі мамандығын алып шығады. Осылай сұрапыл майданнан оралған ардагердің қалған ғұмыры ауыл мектебінде ұстаздықпен шәкірттеріне тәлім-тәрбие берумен өтеді. Бастапқыда бастауыш мектепте, сосын Киров ауданына қарасты Қызылту ауылының В.И.Ленин атындағы кешкі мектебінде мұғалім болып жұмыс істеген. Батыр атамыз майданнан оралғаннан кейін Қыздаркүл апамызға үйленіп 5 баланың әкесі атанады. Алайда тағдыр тауқыметімен Қыздаркүл апа ерте дүниеден озып, 5 бала жетімсіреп қалады. Әйтсе де, жазмыш... Ал «жазмыштан озмыш жоқ» деген. Бақтияр ата кейіннен екінші рет қайсар да ер мінезді Сапарай апаға үйленеді. Ардақты апамыз Мырзахметовтар әулетінің ұрпағын жалғастырып, 2 ұл 1 қызды дүниеге алып келеді. Ұзақ жылдары ауыл әкімшілігінде қызмет жасаған батыр анамыз да ел ішінде мақтан тұтарлық әйелдердің бірі еді. 1986 жылы Бақтияр атаны сұм ажал бұл фәниден алып кетті. Бүгінде Салиқалы ана Сапарай апамыз әулет ошағының түтінін сөндірмей, ұлын ұяға, қызын қияға қондырды. Балалардың бірі дәрігер, кәсіпкер, әскери қызметкер, кәсібімен Қазақстанның түрлі қалаларында тіршілік жасап жатыр. Әке жолын қуған марқұм Алихан атты ұлы әскери қызметкер болып, елінің тыныштығын күзеткен екен. Бүгінде атамыздан тараған 5 ұл, 3 қызынан 33 немере, 35 шөбере көріп, үлкен отбасының үлгісіне айналып отырған жағдайы бар. «Ер есімі-ел есінде» демекші қазақтың батыры Бақтияр Мырахметұлы өзі сүрген ғұмырында ерлігімен де, артынан қалған ұрпағына үлгілі әке, ата ретінде мәңгілік жадымызда сақталып қалады. Ешкім де өмірге батыр болып тумайды, тек бойында намысы, жігері бар азаматтар ғана батыр болып қалыптасады. Сондықтан бүгінгі ұрпақты басымызға күн туар жағдайда еш нәрседен тайсалмайтын жігерлі, өр мінезді етіп тәрбиелеу керек деп ойлаймын!
Мырзахметова Майра
Сурет: kazvesti.kz
Ж. Исакаев