Атақты ұшқыш Иван Кожедубтың борт-мехнигі болған Мәдина Ысқақованың інісі Құсайын Ысқақов та соғысқа қатысқан. Бүгінде Астана қаласында кіші қызының қолында тұратын ақсақал шаңырағына барып, әңгімелескен едік.
«Соғыс жайлы айтуды аса ұната бермеймін,» - деп бастады әңгімесін ардагер ата. «Әуелі соғысқа үлкен ағаларым Әбілқасым мен Әбілқасен, кейін әпкем Мәдина кетті. Әбілқасен ағам 1939 жылы әскерге кетті. Екі жыл әскери борышын өтеп болғанда, 1941 жылы соғыс басталып, елге келместен, майданға кетті. Гродный қаласында шекарашы болды. Соғыстың енді басталған кезі болатын. Неміс зеңбіректерінің астында қалып, барлық жауынгерлер қайтыс болады. Ағам Әбілқасен де сол жерде жан тапсырды. Сол күйі ол жайында еш хабарымыз болмады. Сүйегінің де қайда екенін білмейміз. Қанша іздесек те, еш нәтиже болмады. Ал ағам Әбілқасым мен әпкем Мәдина аман-есен елге оралыпты.
1943 жылдың 10 қаңтарында мен майданға кетіп, 20 қаңтарда ант қабылдадым. Бізді Тайтурка станциясына әкелді. Екі дивизия жасақталды. Мен пулеметшінің оқуын оқыдым, сосын мені авиация алып кетті. Үшінші әуе күшіндегі 368-ЯБ авиациялық истребительдер полкінің құрамында ЯК ЮДД ұшағының мотористі болдым. Ауыр күндерді бастан кешірдік. Талай жас жігіттердің өмірі қиылды. «Ертеңгі күнді қарсы ала аламыз ба?» деп алаңдаумен болдық. Келесі күні тірі боламыз ба, өлі боламыз ба, белгісіз болды.
Жеңіске жеткен кезде біз Кёнигсберг қаласында болдық. Кейін Жапониямен соғыс басталып, біз Хабаровскіге қарай ұштық. 3 қыркүйекте соғыс бітті. Бірақ бізді кері қайтарған жоқ, біз Сахалинге қарай қоныс аудардық. Оки станциясы, Хотой горизонты, Живлакова полкінде 1950 жылға дейін әскери борышымды өтеп, сол жақта қалдым. Денемдегі мына татуировкалар сол әскерде болған кезде салынған.
1954 жылы мені Әбілқасым ағатайым іздеп, шақырту қағазын жіберіпті. Ол кезде мен поляк қызына үйленіп, екеуміздің кішкентай қызымыз өсіп келе жатқан. Бір күні іс-сапардан келсем, әйелім жаңағы шақырту қағазын қолыма ұстатты. Ашып қарасам, ағатайым: «Бауырым, аман болсаң, елге қайт. Шешең қартайды, Науан пен Болат інілерің асыға сені күтуде» деп хат жазып жіберіпті. Содан поезд бен ұшаққа билет алып, жалғыз елге кеттім. Келген бойда үлкен жеңгеміздің үйіне келіп, ауылға телефонмен хабарластым. Ертесі күні шешем келді. Шешемді «Әкей» деп атайтынмын. Әкеймен кездесіп, бір-бірімізді құшақтап, жылап көрістік. Сосын екеуміз ағатайымның үйіне бет алдық. Мен алдын ала «Келе жатырмын» деп телеграмма берген болатынмын. Ол кезде автобус, көлік жоқ, ауылға атпен бардық. Келсек, ағатайым мен күтіп алу үшін жолға дайындалып жатыр екен. Науан есімді інім бала күнінде жарақат алып, мүгедек болып қалған. Екі аяғы жүрмейтін, жамбасымен ғана ақырындап жылжып қоятын. Мені көргенде мүгедек інім отырған жерінен атып тұрып, таяғын тастап жіберіп, маған қарай ұмтылды. Қаншама жыл аяққа тұра алмай жүрген інім қуаныштан өз аяғымен жүгіріп кетті. Мен сосын елде қалдым. Көп ұзамай Гвардеец жеріне келіп, совхозға жұмысқа орналастым. 1992 жылға дейін сол жерде шопыр болып істедім. Үш жылдың жүзі болды, мінекей, Астанаға қоныс аударып, үкімет сыйлаған бір бөлмелі пәтерде кіші қызымның қолында тұрып жатырмын.
Совхозда жүргенімде аудандық жарыстар көп болатын. Мен күреске қатысып, жеңістерге жеттім. Аудандықтан кейін облыстық, қалалық жарыстарға шықтым. Бұл жарыстарда жеңіске жеткен соң, мен Мәскеуге жолдама алып, ол жақтан жүлделі оралдым. Кеңес заманында мен осылай палуан аттанғанмын. Жүлделерім, мақтау қағаздарым әлі күнге дейін сақтаулы.
Елге оралған соң, 18 қыз ішінен бір қызды таңдап алдым. Шәміш деген қызға үйлендім. Үш қыз бен үш ұлымыз дүниеге келді. Үлкен ұлым 17-де, кіші қызым 2-де болғанда әйелім ауырып қалды. Орталықтағы ауруханаға барып, жатқызып едім, дәрігерлер: «Үш күннен кейін келіңіз» деді. Үш күн өткен соң, ауруханаға барсам, мені медбикелер кіргізбей қойды. Сұрақтарыма да жауап бермейді. Палата есігінің жанына тұрып алған. Палуан емеспін бе, екеуін екі жаққа итеріп жіберіп, палата есігін ашып жіберсем, төсек тартып жатқан әйелімнің реңі бозарып кеткен. Мені көріп, суық қолымнан ұстап: «Құсайын, балаларға қара, аман бол» деп 45 жаста жүріп кете барды. Мені күтіп жатқандай болды. Сөйтсем, дәрігерлер әйеліме ешқандай көмек көрсетпеген. Ауруынан айықтырудың орнына олар әйелімді өлтіріп берді. Алты баламен мен жалғыз қалдым.
Кейін бір әйелге үйленіп едім. Ол менің алты баламды жақтырмады. Өзі бала көтермеген әйел еді. Балалардан мені қызғанып жатты. Бір жыл өмір сүрген соң, оны еліне апарып тастадым. Алты баламды өзім бағып-қағып өсірдім. Екінші ұлым өмірден ерте кетті. Жол апатына ұшырап қайтыс болды. Бүгінде 14 немерем бар. Жақында бір немерем босанып, маған тағы бір шөбере сыйлады. Енді 4 шөберем бар.
Бүгінде, міне, жасым 87-ге келді. Екі көзім дұрыс көрмейді. Дәрігерлер катаракт деген диагнозды осыдан 20 жыл бұрын қойған. Операция жасайын десем, ешкім кепілдік бере алмайды. Біраз жыл көзілдірік тағып жүрдім. Әйтеуір, далаға шығып, үй маңайында серуендеп жүремін. Көршінің кішкентай балалары жүгіріп келіп: «Ассалау, ата» деп амандасып жатады. «Әлей болсын» деп қалтамнан кәмпит алып беріп, бастарынан сипаймын. Оған ол балалардың шешелері: «Баламыз үлкен атадан бата алып жатыр» деп мәз болады. Кейбір үлкендер болса, тіпті, қарамайды, сәлем де бермейді.
Мереке қарсаңында жыл сайын әкімшілік азық-түліктерін әкеліп береді, мерекелік іс-шараға шақырады. Жәрдемдері жаман емес, шүкір. Астана көшелерінде бүгінде көзі тірі ардагер ақсақал-апалардың суреттерін әдемілеп іліп қойыпты. Араларында мен жоқпын, бірақ. Неге екенін білмеймін?! Әкімшілікке, ардагерлер кеңесіне хабарласып, білуге болады. Міндетті түрде, хабарласып сұраймын.
Алла Тағала жасымды берсін бәріңе, шырақтарым. Денсаулықтарыңды күтіңдер. Денсаулық болса, барлығы да болады. Бейнетімді бермесін. Болашағымыз жарқын болсын. Бейбіт өмір кешейік».