Сұрапыл соғыстың сәтті бітуіне әскери техника да үлес қосты. Бүгінгі әңгімеміз екінші дүниеүзілік соғыс кезінде қолданыста болған қару-жарақ пен машиналар жайлы болмақ.
Катюша
Сұрапыл соғыс жылдарының алғашқы күндерінен бастап, кеңес армиясының қолданысына берілген "Катюша" қару-жарағы әлбетте көптеген ұрыстарды жеңіп шығуға өзінің орасан зор үлесін қосты. БМ-8, БМ-13, БМ-31 сынды артиллериялық қаруларды халқымыз еркелетіп "Катюша" деп атап кеткен. Бұл атаудың қолданылуы кең етек алғаны соншалықты, соғыстан кейінгі жылдары шыққан БМ-14 пен БМ-21 солай аталған. 1939-41 жылдары Галковский, А. П. Павленко, А. С. Поповтар аянбай тер төгіп, осы соғыс қаруының түпнұсқасын жасап, дайындаған болатын. Ал 1941 жылдың наурыз айында БМ-13 сынақтан сәтті өткендіктен, ЗиС-6 көлігінің негізінде кино туындылардан бізге таныс толыққанды "Катюша" пайда болды.
Т-34 танкі
1940-1944 жылдары Ұлы Отан соғысының барлық ұрыстарында пайдаланылған кеңес заманының ең таңдаулы әрі баршамызға танымал қару-жарағы. Кошкиннің бастамасымен Харьков қаласындағы конструкторлық бюроның қолға алуымен пайда болған қару КСРО-ның қызыл әскерінде біршама уақыт пайдаланылған. 1942-45 жылдары Орал мен Сібір жерлерінде орналасқан зауыттарда күн-түн демей осы танктың мыңдаған данасы жасалынып отырды. Т-34 үлгісін модернизациялау мен жетілдірілуімен Оралдағы 183 танк зауыты айналысып отырған. Көптеген әскери қасиеттерге толы Т-34 көптеген әлемдік сарапшылардың оң бағасын алып, екінші дүниежүзілік соғыстың "үздік" танкісі деген атаққа ие болған. Т-34 үлгісі көптеген жаңа танктердің пайда болуына түрткі болып, әскери техникалық өндірістің дамуы мен кең етек алуына үлкен ықпалын тигізді. Күні бүгінге дейін осы үлгінің көптеген даналары әлемнің түрлі мұражайларында ескерткіш ретінде орналасқан.
ЗиС-6 жүк көлігі
Үш білігі бар Зис-6 көлігінің прототипі ретінде 1930 жылдары кең қолданыста болған АМО-3 екі білікті жүк көлігінің негізінде құрастырылған АМО-3-НАТИ модификациясы болған. Ал олар өз кезегінде американдық «Autocar» машинасының көшірмесі еді. Сондықтан да сериялық көлік алғашында АМО-6 деген атауға ие болып, тек кейін ғана ЗиС-6 болып өзгертілді. Бұл көлік негізінде түрлі модификациялар жасалынып, әскери қажеттіліктердің бәрін өтей алатын. Қару-жарақты да, әскерилерді де тасымалдайтын. Тіпті, алғашқы көмек көрсетуге арналған жедел жәрдем машиналары да осы үлгіге қарап жасалған. Осы машина соғыс кезінде кеңес халқының жеңіске жетуіне көмектесті. Бір қызығы, әңгімеміздің басында айтып өткен "катюшаларымыз" осы жүк көлігіне орнатылған еді.
Суреттер:mulloevsharif.wordpress.com, arazyusubov.wordpress.com, wio.ru, crazys.info