Отты жылдарда майданға өз еркімен аттанып, етік киіп, ер азаматтарға бергісіз ерлікке барған қазақ қыздары қаншама? Қазақтың қаракөз қыздарының жау алдында қиындықтарға төтеп берген ерен еңбегі жайлы айтудан әлі ешкім де жалыққан емес. Батылдық пен күш-жігерінің арқасында қаһарман атына лайық болған қазақ қыздардың қатарына есімі елге кеңінен танылмаған Мәдина Ысқақованы қосқанымыз жөн. 9 мамыр - Жеңіс күні қарсаңында, біз Мәдина Ысқақованың үлкен қызы Серік Ысқақованың үйіне барып, қаһарман апамыз жайлы толығырақ білген едік.
"Менің анам Мәдина Ысқақова Ақмола облысы, Балқашин ауданы, Гвардеец совхозында дүниеге келген. Үлкен ағасы Әбілқасымның қызмет бабымен Көкшетауға ауысуына байланысты Ысқақовтар әулеті сол жерге қоныс аударады. Ол Көкшетаудағы №3 қазақ орта мектепте оқыды. 9 сыныпта оқып жүргенде, соғыс басталады. Үлкен ағалары Әбілқасым мен Әбілқасен майданға аттанады. Сол кезде 17 жасар Мәдина Көкшетау қаласындағы әскери комиссариатқа қайта-қайта барып, арыз жазып, екі ағасының соғысқа кеткенін алға тартып, майданға өз еркімен кетеді.
17 жасар Мәдина
1942 жылдың мамыр айында әскери комиссариат оны жолдамамен авиация училищесіне оқуға жібереді. Әуелгі баста, ұшқыш болуды қалады. Бірақ та, ол кезде оның қалауына ешкім құлақ аспады. Ол мастер-механик мамандығына оқуға түсіп, екі жылдық оқуды алты айда оқып бітіреді. Сол сәтте №240 истребительдер авиаполкы жасақталып, Мәдина Ысқақова үш мәрте Кеңес Одағының Батыры, даңқты ұшқыш Иван Кожедубтың көмекшісі болып бекітіледі. Соғыс аяқталғанға дейін Мәдина Ысқақова сайыпқыран ұшқыш Кожедубпен 120 әуе шайқасында бірге болды.
Анамның айтқаны бойынша, Кожедуб көп сөйлей қоймайтын, өте тұйық кісі болған. Бірақ та, өзінің қол астындағы азаматтарға тең әрі қатаң қарайтын. Анам оның ұшағының асты-үстіне түсіп, келесі шайқасқа дайындайды. Сол кезде анамды өзінің төрт жас үлкендігіне қарамай: «Мэри Пикфорд-Искакова» деп атайды екен.
Сержант Мәдина Ысқақова
Олардың полкінде Евстегнеев деген кісі болған. Оның мінезі тік әрі бірбеткей екен. Ешкімге бағынбайтын қатты кісі болған. Аздап шайтан суға жақындығы болған. Соған қарамастан ол кез келген сәтте шайқасқа дайын болады. Өз ісін жақсы біледі. Ұшаққа отырып, аспанға самғап ұшып, бұлттардың арасына жоғалып кетеді екен. Бір кезде шайқасқа түсіп, қайта оралады. Ұшағын қоя сала, шайтан судан ұрттап алып, ұйқыға кетеді екен. Анам бір сөзінде оның қалай қаһарман атағын алғаны туралы баяндап берген:
«Ұшып келе жатқан неміс ұшақтарын көрдік. «Немцы! Немцы налетели!» деп атой салдық. Бірден ұйқыда жатқан Евстегнеевті ояттық. Ол ояна сала, басына шлем кимей-ақ, аяғына бір етік киген бойда ұшағына отырып, аспанға самғап кетті. Қалған біздер алыста атыс-шабысты болып жатқанын сездік. Бір кезде ұшағының жартысы өртеніп, бір қанаты ғана бағынып келе жатқан ұшақпен Евстегнеев оралды. Жалғыз өзі біршама неміс ұшақтарын қиратып, өзі де оқ астында қалыпты. Апатты жағдайға қарамастан, ол ерлік танытқан еді. Содан кейін полкке генерал-лейтенант Подгорный деген кісі келіп, «Где летчик, которого сбили?» деп сұрады. Біз бірден Евстегнеевті көрсеттік. Евстегнеевті көрген бойда генерал қолын ұстап, кеудесіндегі өзінің қаһармандық төсбелгісін шешіп, Евстегнеев кеудесіне барлығымыздың көзімізше тақты».
Будапешт қаласында жүрген кезде Евстегнеев бірде алтын мен күміс қоспасынан жасалған тиындарға толы ақ мәрмәрдан жасалған қобдиша сатып алған. «Қазақ қыздары жылтырақты жақсы көреді ғой» деп анама қобдишаны сыйлаған екен. Бертін келе анам сол күміс тиындарды естелік қылып көп жандарға таратты. Шолпы қылып шашқа тағатын, камзол, көйлектерімізге тігіп беретін. Мына тиынды маған өз қолымен табыстап кетті. Ал ақ қобдиша әлі күнге дейін сақтаулы".
Мәдина Ысқақованың үлкен қызы Серік Ысқақова
Жалғасы бар