Соғыс туралы әңгіме қозғалса, есіме әкемнің аталарым жайлы айтқан әңгімелері еске түседі. Сұрапыл соғысқа біздің үлкен әулеттен бес жан Қарға, Сұлтан, Әбділда, Төрге және Айдарбек аталарым майданға кеткен. Қарға мен Сұлтан аталарым соғыста хабарсыз кеткен. Қайда шайқасқандары, қайда жерленгендері туралы еш хабарымыз жоқ. Әжеміз Мегей келіні Орындық (Берсүгір бәйбішесі) балаларын өле-өлгенше күткен. Келіп қалар деген үміті болған.
Екінші қатарда оң жақта отырған кейуана менің үлкен әжем Мегей келіні Орындық
Ал аталарым Әбділда, Төрге және Айдарбек майданда болып, соғыстан кейін аман-есен елге оралып, ардагер атанды. Әбділда мен Төрге аталарым бертінде қайтыс болды. Мен атам Айдарбек туралы кеңінен айтып кеткім келеді. Себебі, Айдарбек атаның тағдыры қиын болды. Басынан кешкен қатал сәттер бір кино түсіруге тұрарлықтай.
Соғыстан кейінгі сурет. Атам Әбділда жұбайымен
Соғыстан кейінгі жылдар. Атам Төрге үлкен ұлы Бақытпен
Менің атам Тұңғатаров Айдарбек Берсүгірұлы 1910 жылдың 9 мамырында Қарқара өңірінде дүниеге келген. Кеген ауданының орталығы ол кезде Жалаңашта болыпты. Олар Қарқара өзенінің жағасының батыс жағында Шырғанақ елді мекенінде тұрған. 1936 жылы Шырғанақтың іргесінде совхоз құрылып, кеңес өкіметі кезінде «36 совхозы» деп аталды. Бұл ауыл совхоз бөлімшесі, ірі сүт фермасы болып қалды. Егемендік алғаннан кейін 36 совхозы Шырғанақ деген өз атауын алып, ол селолық округінің орталығы болды. Қазіргі Бөлексаз ауылы 1937 жылы 37 совхоз болды. Бұл әңгімені айтып отырған себебім, менің атам Айдарбек осы екі совхоздың алғашқы қазығын қағып, іргесін қалаған адам.
Майданға аттанар сәт. Екінші қатарда ортада атам Айдарбек
1941 жылы соғыс басталған шақта бауырлары Қарға, Сұлтан, Әбділда және досы Құдайбергенмен алғашқылардың қатарында болып, майданға аттанады. Сол өңірден майданға шақырылған азаматтар 250 шақырым жаяулатып, бір аптаға жуық уақыт ішінде Алматыға келеді. Жаяу келе жатқан атам Кеген асуы Қайқы тауында «За Сталина» 1941 ж.Смирнов, Казаков» деп тасқа қашап жазып кеткен. Бұл жазу әлі күнге дейін бар. Тарихта қалған өшпес белгі іспетті. Олар Алматыдан жүк пойызына отырып, Ресей жеріне келеді. Бұл жерде қазақстандық сарбаздарды жан-жаққа бөліп жібереді. Менің атам жас жауынгер дайындау курсына жіберіліп, бір ай дайындық пен оқу жаттығулардан өтіп, мойнына қол пулеметін асып алдыңғы шепке, майданға аттанады.
Атамның досы Нүсіпов Құдайберген Мұқанұлы (1923-1999)
Атам барлауда көп болыпты. Жау офицерлерін бірнеше мәрте қолға түсіріпті. Олардың қару-жарақтары мен киген киімдері кеңес әскерлерінен әлдеқайда жоғары болған. Бірақ, олар орыс жерінің қысының қатал суығына әзер шыдаған екен. Атамның айтуы бойынша, неміс әскерлерінің осал жері осында болған. Жеңіске жетуімізге неміс азаматтарының суыққа төзімділігінің әлсіздігі ықпал етті.
Майдандағы сарбаздармен бірге
1943 жылы атам Орел қаласын неміс басқыншыларынан азат етуге ат салысады. Көрсеткен ерлігі үшін ол «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Дәл сол жылдың аяғында басқа сарбаздармен бірге барлауға барғанда қоршауда қалып, жау қолына түседі. Тұтқында болған кезде олар қарағай кесіп, қара жұмыс істейді. Бұл Польша мен Украина елдерінің шекарасындағы жерде болған. Бір топ жауынгерлер ебін тапқан кезде, атам неміс блиндажына кіріп, қару, орындық арқасында ілулі тұрған белдік, үстелде жатқан сағатты алып, барлығы тұтқыннан қашып шығады. Бұл 1944 жылдың мамыр айы болатын. Қоршаудан шыққан олар өзен жағалай су кешіп, із жасырып, бір ауыл қасына келіп орманға жасырынады. Орманда қарындары аш, шөл қысып, тамақтары кеуіп бір күн жатады. Ертесі күні 4-5 жасар қызын жетектеген әйел саңырауқұлақ теруге келеді. Одан жөн сұрайын десе, тамақтары қарлыққан олардың дауыстары шықпайды. Осы кезде менің атам бүлдірген сабағының астына тығылып, қарағай дінін таяқпен ұрады. Мұны байқаған әйел қызын көтеріп алып, қашып кетеді. Көп ұзамай қарулы адамдар келіп, олар ұсталып қалады. Осылай менің атам концлагерьге түседі. Концлагерьде оған неміс офицерін өлтірдің деген айып тағып, қатаң жазаға тартады. Себебі, атамның қолында тұтқыннан қашқан кезде өзімен бірге ала кеткен неміс солдатының белдігі мен сағаты болады.
Концлагерьде атам 1945 жылдың көктеміне дейін болады. Атамның айтуы бойынша, ол сол сәтте жеңістің жақын екендігін іштей сезген. Дәл сол сәтте америкалықтар келіп, тұтқындағы жауынгерлерді босатып алады. Менің атам жеңісті Германияда қарсы алады.
Жеңісті сарбаздар осылай қарсы алған
1945 жылдың тамыз айында ол ауылға, өз еліне аман-есен оралады. Бірақ та, сол жылдың қараша айында тұтқында болғаны үшін 10 жылға түрмеге қамалады. Жазасын өтеп болған соң, ол 1955 жылы ауылға келеді. Елге оралған бойда, ол совхозда ұста болып жұмыс істейді. Совхоздың соқасы мен бүкіл техникасын іске қосады. Ел арасында атамды «Темірден түйін түйген шебер» деп атап кетеді. Бүгінде атаммен дәмдес болған көзі тірі ауыл ақсақалдары «Қолы алтын ұста, темірдің қыр-сырын білген жан» деп атамды еске алып отырады.
Аман-есен елге оралған шағы
Жеңістің 15 жылдық мерейтойында атам толық ақталып, архивтен бүкіл құжаттары көтеріледі. Оның еселі еңбегі жоғары бағаланып, майданда көрсетілген ерліктері ескеріледі. Содан кейін атам ауыл мектебінің шаруа және еңбекке баулу шеберханасының меңгерушісі болып, зейнет жасына жеткенше аянбай еңбек етті.
Атам соғыста жараланған еді. Жарасы дер кезінде дұрыс емделмегендіктен, ол ғұмырының соңында біраз қиналды. Қилы кезеңдерді артқа тастаған атам 1991 жылы 12 маусымда 82 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Өзі іргесін қалауға ат салысқан Бөлексаз ауылында жерленген.
Атам қайтқанда мен небәрі үш жаста болдым. Ол кісінің келбеті еміс-еміс есімде қалды. Өрелі мінезді, нар тұлғалы сымбатты жан болатын. Айналасындағы жандар ол кісінің қас-қабағын аңдитын. Себебі, ол кісінің көңілін табу қиын. Бірақ, жүрегі кең, өте мейірімді жан болатын. Сәлемін беруге келген үлкен-кішіге бата беріп, жылы жүзімен шығарып салатын. Атам жайлы көбіне әкемнен білсем де, ол кісі туралы көп дүние айтуға болады. Әкемнің айтуы бойынша, атам марапат-мадақты аса ұната бермейтін. Ғұмырының 15 жылын жырақта, отты әрі қатал күндерде өткізген ол ешуақытта «Мен - ардагермін» деп кеудесін қаққан емес. Басынан небір қиындықтарды кешірген ол өле-өлгенше қарапайымдылық пен салмақтылықты серік етті. Бүгінде атамның есімі Бөлексаз ауылындағы ардагерлерге арнап қойылған ескерткіш тақтада жазылып тұр. Атам жайлы осылай сыр шерткенім перзенттік парызым деп білемін.
Автор: Ғазиза Ұзақ