Даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітабы» - Панфилов дивизиясының шейіт кеткен қаһармандарына орнатылған әдеби ескерткіш.
Бауыржан Момышұлының патриотизмге толы, Отан сүюге баулитын бұл еңбегін балауса жеткіншектер неғұрлым ерте оқыса, соғұрлым ерте есейе түсетіні күмәнсіз. Себебі, аталған еңбектен майданнан жазылған тебіреніске толы хаттар, Панфиловтың жүрекжарды үзік сырлары, соғыстың ішек үзді қыр-сыры мен бүге-шігесі, өте-мөте қызығушылық тудыратын деректер мен дәлелдер, ұлағатты сөздер мен мақал-мәтелдер әсем де әдемі, әрлі де бедерлі тілмен әспеттеліп берілген. Сонымен қатар соғыс өнеріне қатысты қызғылықты деректер, майдан тәжірибесі, тактика мен талайғы айла-тәсілдер адам баласының ақыл-ойын баурап алар құдіретімен шырғалаң сезімдердің шырмауында, уытты күндердің құрсауында қалдырары хақ.
«Өз ұлтын құрметтеп, мақтан тұтпайтын адам сөзсіз сатқын және қаңғыбас… Ұлттық мақтаныш – ұлт өкілі тұлға үшін қасиетті және бұзылмайтын заң». Бұл қолбасшы да емес, жауынгер де емес, нағыз шығармашылық тұлғаның бірегей сөзі. Алайда, ұрыс пен соғыс – бұл ғылым ғана емес, сонымен қатар, өнер де. Сондықтан да бұл өнердің ұйымдастырушысы шын мәнінде шығармашылық еңбектің адамы болып табылады.
Ең қызығы, көрген көзге ыстық басылатын, аядай ғана кітапқа Бауыржан Момышұлының үйіндегі архивте жатқан аса құнды материалдар, жеке құжаттары мен баяндамалары, ой-толғамдары, КСРО Ғылым академиасында оқыған дәрістері топтастырылған. Әдеби мұра өзінің мазмұны мен сипаты, қозғалған мәселелерінің ауқымы жағынан аса бай табылып, өз алдына үлкен құндылықтарды арқалайды.
Бүкіл әлемде «Қанмен жазылға кітап» жалғыз ғана. Және оның авторы Бауыржан Момышұлы. Ал қалған кітаптар, осы іспетті туындылар бұның көшірмесі. Бүгінгі таңда көптеген елдерде соғыс өнерін үйретуде, тәлім-тәрбие алуда осы кітап кеңінен танымал. Оқимын десеңіздер, асығыңыздар!
Сурет:rus.azattyq.org