Соғыс жылдарында Кеңес Одағында жарық көрген фильмдердің 80%-ы Алматы қаласында түсірілгендігі туралы біреу білсе, біреу білмейді.
Расында да, 1942 жылдың көктемі мен 1945 жыл аралығында Алматыны Одақтың орталық кино фабрикасы болды ма дерсіздер. Соғыс алаңынан алыста орналасқандығы мен техникалық жабдықталуының көңіл көншітерліктей деңгейде болғандығы басшылықты Қазақстанға еліктірсе керек.
Осылайша, 1942 жылы "Мосфильм" мен "Ленфильм" киностудиясының ұжымы толығымен Алматыға көшіп келді. Қонақтарға қазақстандық тарап көп дайындалып, ерекше ілтипатпен күтіп алды. Одаққа танылып, атағы жер жарған танымал режисерлар мен актерлер Алматыға қоныстанып, мойындарына жүктелген міндетті орындауға бірден кірісіп кетті. Қала көшелерінен сол кезеңдерде танымал Пудовкин, Роом, Эрмлер, Столпер, Рошаль, Эйзенштейн секілді тұлғаларды көруге болатын еді.
Соғыс жылдарында Алматы қаласында “Ханшайымның қорғанысы”, “Машенька”, “Әуе тасымалдаушысы”, “Актриса”, “Райком секретарі”, “Біздің қаланың жігіті”, “Котовский” секілді картиналар түсірілді.
"Біздің қаланың жігіті" фильмінен көрініс. Режисерлер: Александр Столпер, Борис Иванов
Көпшіліктің көңілінен шығып, өте сәтті деп танылған картина "Қаһарлы Иван" фильмі туралы да айтып өтелік. Естеліктер бойынша, қысқы пейзаждардың түсірілімі қала маңындағы ауылдық мекендерде өткен. Салт атты адамдар мен күнге шағылысқан семсерлерге тәнті болған жергілікті тұрғындардың әсері әлі күнге дейін айтылып келеді.
1944 жылдың 26 шілдесінде режисер Эйзенштейн денсаулығына байланысты Мәскеуге қайтып кетпегенде, осы қарқынды жұмыс жалғаса берер ме еді...
Шын дағдарыс соғыс аяқталғаннан кейін басталды. Барлық актерлар мен режисер, сценаристер Мәскеу мен Ленинград бағытында үйлеріне беттесті. Қазақ кинематографиясы да дағдарып тұра берді. Соғыс аяқталған соң, тоғыз жылдың ішінде бар-жоғы 4 фильм түсірілді.
"Қазақфильм" киностудиясы, 2011 жыл
Ақыры не керек, 60 жылдары кино айдынына жас буын Шәкен Аймановтар келді. Қазақ киносының қайта жанданып, тірілуі осы кезбен байланыстырылады.
Алматыдағы соғыс жылдарында түсірілген фильмдер халық жүрегіне жігер сеуіп, өмір сүруге, Отан қорғауға деген құлшынысты арттырғаны анық.
сурет: myfoto.kz, tv.akado.ru, film.ru