- Негізгі бет
- 9 мамыр 2014
- Ұлы Жеңіс күні...
Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!
Сіздерді қасиетті де ұлы мереке – Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Бұл – Отан қорғаудағы өшпес ерлік пен өлшеусіз даңқтың, халқымыздың шексіз қаһармандығы мен мұқалмас қажыр-қайратының ең айтулы мерекесі.
Ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Майдангерлердің иығына аса ауыр жүк түсіп, Отаны, елі үшін от болып жанды, оқ болып атылды. Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандардың рухы алдында бас иіп, тағзым етеміз.
Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлеріміз бен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен жандардың қатары сиреп барады. Сондықтан Ұлы Жеңістің авторлары – майдангерлерімізді сыйлап, құрметтеу, оларға қамқорлық жасау басты борышымыз!
9 мамыр! Бұл – адамзат тарихындағы ең ауыр қантөгіс соғыс аяқталған ақжолтай күн... Бұл күн-сол бір қанды қырғыннан қайтпай қалған қыршын боздақтардың асқақ рухтарының аспандайтын күні. Бұл күн-әділеттің әділетсіздікті жеңген күні. Бұл күн-бүгінгі ұрпақтың сіздер сыйлаған бейбіт даму жолын одан әрі жалғастырып жатқан күні.
Бұл күн - қан майданда парыз бен намысты алға қойған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қараниет жауға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлеріміздің және тылда тынымсыз еңбек еткен ағаларымыз бен апаларымыздың ерен ерлігінің, биік рухының мерекесі. Осынау қуаныш үшін өмірлерін қиған боздақтарды еске алу күні... Үйіне, отбасына, ата-анасына оралмаған аталарымыз бен ағаларымызды, әпкелерімізді сарыла күткен сағыныш күні...
Бүгінгі ұрпақ аға буын-ардагерлер танытқан қаһармандық пен қайсарлықтан үлгі алып, бой түзейді. Осынау ерлікке толы күн тарихымыздың мәңгілік ұмытылмас парағы болып қала бермек. Қадірлі соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, қазақстандықтар, сіздерді Ұлы Жеңіс мерекесімен құттықтай отырып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, бейбіт өмір, отбасыларыңызға бақ-береке тілейміз!
Құрметпен Массагет порталы
Сурет: egemen.kz
О. Сансызбай